ШҚО Көкпекті аудандық соты халықпен кездесу өткізді

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

ШҚО Көкпекті аудандық соты Теректі ауылдық округінің әкімшілігі ғимаратында  «Медиация туралы» Заңының талаптарын халыққа түсіндіру мақсатында халықпен кездесу өткізді.

Өткен іс-шараға  Көкпекті аудандық сотының төрағасы Ә.Бақытбекұлы, Теректі ауылдық округінің әкімі Е.Кузембаев, акимат қызметкерлері, кәсіби емес медиаторлар Ж.Даирбеков, А.Багадиев, ақсақалдар алқасының мүшелері, шаруа қожалықтарының басшылары, жастар одағының мамандары, жеке кәсіпкерлер, Теректі ауылдық округінің халқы қатысты.

Халықпен кездесу барысында аудандық соттың төрағасы Ә.Бақытбекұлы жиналғандарға Қазақстан Республикасының «Медиация туралы» Заңының талаптарын түсіндіріп, медиация – бұл бір немесе бірнеше жақтың құқықтық қатынастардан туындайтын дауларын үшінші жақтың қатысуымен келісім іздеу арқылы реттеу екенін,  оны жүргізу қағидаттары мен рәсімін, сондай-ақ медиатордың мәртебесін айтып өтті.  Медиация азаматтық, еңбек, отбасылық және өзге де құқық қатынастарынан туындайтын даулар, сондай-ақ онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар бойынша қолданылатыны туралы жеткізді.

Азаматтық және қылмыстық істерді қарау барысында медиацияны қолданудың тәртібі мен ерекшеліктері талқыланып, қатысушылар өз пікірлері мен көзқарастарын ортаға салды.

Кездесуді қорытындылаған соттың төрағасы Ә.Бақытбекұлы медиация туралы заңды жүзеге асыруда бірлесіп жұмыс атқаруды және оны жандандыра түсуді ұсынып, қатысушыларға алғысын айтты.

 

Көкпекті аудандық сотының

баспасөз қызметі