Іс жүргізу тілі бұзылғаны үшін сотпен жеке қаулы шығарылды

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Зайсан аудандық сотымен Д.А.Сейткамзаны ӘҚБтК-нің 463-бабының, 1-бөлігімен, яғни заңсыз кәсіпкерлікпен айналысу оқиғасы бойынша іс қаралды.

Істі қарау барысында, сотпен істі қозғаған уәкілетті қызметкермен әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтыру барысында ӘҚБтК-нің 738-бабының талаптары өрескел бұзылғаны анықталды. Заң талаптарына сай әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша іс жүргізу мемлекеттік тілде, ал қажет болған кезде іс жүргізу орыс тілі немесе басқа тілде жүргізілуі тиіс.

Әкімшілік істі жүргізген Зайсан аудандық ішкі істер бөлімінің уәкілетті қызметкері бұл заң талаптарын өрескел бұзып, Д.А.Сейткамзаның мемлекеттік тілді жетік білетіндігін ескермей, негізсіз істі орыс тілінде жүргізген.

Сот отырысына дайындық барысында Д.А.Сейткамза сотқа өтініш түсіріп, онда іс жүргізу тілін өзі жетік білетін мемлекеттік тілде жүргізуді сұраған. Сотпен іс жүргізу тілі мемлекеттік тілге өзгертіліп, іс мемлекеттік тілде қаралған.

Іс жүргізу тілін бұзу заң бұзушылығы бойынша сотпен Зайсан аудандық ішкі істер бөлімінің басшылығының атына жеке қаулы шығарылып, онда келешекте ұқсас заң бұзушылықтарға жол бермеу шараларын қарастыру және заң бұзушылыққа жол берген уәкілетті қызметкердің жауапкершілігін шешу мәселесі қойылған.

Жеке қаулы заңды күшіне енбеген.

 

Зайсан аудандық сотының

 баспасөз қызметі