Жаяу жүргіншіні қағып өту салдарынан келтірілген моральдық зиян өтемақысы өндірілді

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Семей қалалық сотында моральдық зиянды өтеу туралы азаматтық іс қаралды.

Талапкер сотқа жүгіне келе, жауапкер «ВАЗ» маркалы автокөлігін басқарып реттелмейтін жаяу жүргіншілерге арналған жолда оның кәмелеттік жасқа толмаған қызын қағып өткенін көрсеткен. Жәбірленушінің денсаулығына орташа ауырлықтағы зиян келтірілді.

Семей қаласының ІІБ-ның қаулысымен сотқа дейінгі тергеу рақымшылық актісі негізінде қысқартылды.  

Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 931-бабы, 1-тармағына сәйкес, қызметi айналасындағылар үшiн жоғары қауiптiлiкпен байланысты заңды тұлғалар мен азаматтар (көлiк ұйымдары, өнеркәсiп орындары, құрылыстар, көлiк құралдарының иелерi және т.б.), егер зиян дүлей күштердiң немесе жәбiрленушiнiң терiс пиғылының салдарынан пайда болғанын дәлелдемесе, жоғары қауiптiлiк көздерi келтiрген зиянды өтеуге мiндеттi.

Сот шешімімен талап арыз ішінара қанағаттандырылды. Жауапкерден талапкердің пайдасына 180 000 теңге келтірілген моральдық зиян өтемақысы өндірілді.

Шешім заңды күшіне енді.

 

Семей қалалық сотының

баспасөз қызметі