Емхананың әрекеттерімен бұзылған азаматтың құқықтары қорғалды

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Талапкер Семей қалалық сотына № 6 аралас үлгідегі емханасына талап арызбен жүгіне келе, оның қайтыс болған жұбайы Чернобыль атом электростанциясы апаты зардабын жою жұмыстарына қатысқанын, оның салдарынан ауруға шалдығып 3-топтағы мүгедек болғанын көрсеткен. Денсаулығының нашарлауына байланысты Семей қалалысының Мемлекеттік Медициналық Университетінің Медициналық Орталығына «Жүректің ишемиалық ауруы. Жіті миокард инфарктысы» диагнозымен жатқызылған. Одан шығып, 10-күннен кейін күйеуі қайтыс болған. №6 аралас үлгідегі емханасында жұбайының қайтыс болған себебін «Өкпенің ісуі. Өкпенің созылмалы обструктивтік ауруы» диагнозымен көрсетіп медициналық анықтамасын табыс еткен. Осы анықтаманың негізінде АХАТ органымен қайтыс болғаны туралы жазу жазылған. Талапкер сотта жауапкерді қайтыс болу туралы медициналық куәлігіне өзгерістерді енгізуді міндеттеуді сұрады.

Талапкер сотта келесідей түсіндірді: «Жұбайым өмірде жоғарыда аталған аурулармен зардап шекпеген, ол жүрек ауруынан қайтыс болды деген қарсылығыма, учаскелік дәрігер, миокард инфарктісінен қайтыс болғанын көрсетуге болмайды деген жауап қайтарды».

Анықтамада көрсетілген қайтыс болу себебінің қойылған диагнозы Чернобыль атом электростанциясы апатының салдарынан сәулелік ауруға шалдыққандарға арнайы мемлекеттік төлемдердің тағайындалуына байланысты.   

Талқылау барысында сот, мамандығы бойынша екі жылдық өтілі бар, жұмыс өтілінің жеткіліксіздігінен және біліктілігі төмен, қате диагноз қойған дәрігер куәнің жауаптарына сын көзімен қарады.

Сот шешімімен талап арыз ішінара қанағаттандырылды. Шешім бойынша жауапкер қайтыс болу туралы медициналық куәлігіне қайтыс болу себебін «Жүректің ишемиалық ауруы. Инфарктен кейінгі кардиосклероз» деп көрсетіп өзгерістерді енгізуге міндеттелді.

Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ. 

 

Семей қалалық сотының

баспасөз қызметі