Шығыс Қазақстан облысы бойынша Соттар әкімшісінің орынбасары А.Хайрулинова, "Даму халықаралық өлшемге сай", «Заң» газеті №64. 28.08.2020ж.

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

АТА ЗАҢҒА – 25 ЖЫЛ. ЯҒНИ, БИЫЛ ЕЛІМІЗДІҢ ЕЛ БОЛЫП, КЕРЕГЕМІЗДІҢ КЕҢЕЙІП, ШАҢЫРАҒЫМЫЗДЫҢ НЫҒАЙЫП, ТӘУЕЛСІЗДІГІМІЗДІҢ ОДАН ӘРІ ШЫҢДАЛУЫНА СЕПТІГІН ТИГІЗГЕН ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ КОНСТИТУЦИЯСЫНА 25 ЖЫЛ!

Құжаттың 1-бабында мемлекетіміздің ең жоғары құндылығы – адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары екені бекітіліп, қазіргі уақытта оларды қорғау үшін жеткілікті тетік көзделген.

Біздің елімізде жаңа сот жүйесін құру – кешенді ұйымдастырушылық және заң шығару жұмыстарымен қатар жүрді. Соттардың қызметі мен судьялардың мәртебесі, судьялық кадрларды іріктеу және тағайындау тәртібі, сол сияқты, соттар қызметін материалдық-техникалық және ресурстық қамтамасыз етуді жақсарту мәселелері де Конституциялық деңгейде реттелді. Соттың қызметі азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауда ерекше орынға ие болды. Қазақстан Республикасы Конституциясының 13-бабының 2-бөлігі әркімге өз құқықтары мен бостандықтарын сот арқылы қорғау құқығына кепілдік береді. Бұл сот билігінің азаматтар мен ұйымдардың құқықтарын, бостандықтарын және заңды мүдделерін қорғауды жүзеге асыруға, республикамыздың Конституциясын, заңдарын, басқа да нормативтік құқықтық актілерді, халықаралық шарттарды орындауды қамтамасыз етуге арналған.

Елбасы Жолдауының негізгі бағыттарының бірі – сот арқылы азаматтардың Конституция кепілдік беретін қорғалу құқығын жүзеге асыруды қамтамасыз ету. Атап айтқанда, сот төрелігін жүзеге асыру процесін оңайлату, дауларды соттардан тыс реттеу институттарын дамытуды жалғастыру, болмашы мәселелер бойынша дауларды шешу соттардан тыс тәртіппен жүргізілетіндей тетіктерді қарастыру. Бұл талаптардың алғы шарттары қазіргі уақытта республика соттарында кеңінен асырылуда.

Еліміздегі сот пен құқық жүйесіне реформалардың енгізілуі бірінші кезекте азаматтар мен заңды тұлғалардың құқықтарын сақтау мен қорғауды көздейді. Сондықтан, бұл жұмыстар толықтай қоғамның қажеттілігі мен халықаралық стандартқа сәйкес жүргізілуде. Осы уақытқа дейін елімізде сотқа дейінгі өндірістің заңдылық базасы жаңартылып, қылмыстық саясатты ізгілендіру, қылмыстық заңдылықты жеңілдету сияқты шаралардың жүзеге асырылып жатқаны мәлім. Бұл ретте, Жоғарғы Сот тарапынан қолға алынған «Сот төрелігінің жеті түйіні» бағдарламасының ықпалын да ерекше атап өту қажет.

Тәуелсіздігіміздің ширек ғасырында Елбасының көреген саясатының арқасында еліміздің құқық саласы біріздендіріліп, биік белестерді бағындырды. Оны әлемге әйгілі халықаралық ұйымдар да өте жоғары бағалауда. Бұл біздің елде адам құқығы қорғалатынын және оны қолданыстағы заңдарымыз қамтамасыз ете алатындығын айқын көрсетеді. Десек те, қоғамымыздың өсіп-өркендеп, дамып жатқаны секілді, заңдарымызды да уақыт талабымен үндесуі үшін жетілдіріп, толықтырып отыруымыз қажет.

Бұл толықтырулар бізге не береді? Модернизация шеңберіндегі ең басты жаңалық – соттардың технологиялық жетілуі бойынша көлемді жұмыстар жүргізілгенін атап өткім келеді. Сот тәжірибесіне жаңа ақпараттық технологияларды енгізу айтарлықтай тиімді екенін көрдік. Бұл жаңашылдықтың пайдасы неде? Ең алдымен, электронды құжат айналымына көштік. Екіншіден, сот төрелігін халық алдында шынайы, ашық та қолжетімді етіп көрсетудің бірден-бір оңтайлы тәсілі. Сондықтан, біз заман талабына қарай мұндай озық технологиялық жетістіктерді сот жүйесінде әрдайым сәттілікпен пайдалануды дамыта беруіміз керек. Бұл үрдіс азаматтардың және қоғамның соттарға деген сенімін одан сайын арттыра береді деп ойлаймын. Еліміздегі сот әділдігін іске асыруда оның халыққа ашық және қолжетімді болуы – Елбасы қойған ең жауапты міндет. Мұны біз барынша сезініп, берілген тапсырманы тыңғылықты атқаруға тиістіміз. Ол үшін өзіміздің ұлттық заңнамаларымыздың қасиетін терең ұғынып, қадіріне жете білгеніміз жөн.

Конституция – елдігіміздің арқауы, кемелдігіміздің кепілі. Оны қастерлеу – халықты құрметтеу. Оның ережелерін сақтау – баршамыздың борышымыз!