Шығыс Қазақстан облыстық сотының судьясы Кәкен Сейтов, «РЕФЕРЕНДУМ ЖЕМІСІ», «Заң» газеті №64, 28.08.2020г

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

КОНСТИТУЦИЯҒА – 25 ЖЫЛ. БҰЛ ЗАҢ ЗАМАН ТАЛАБЫНА САЙ КЕЛЕ МЕ, ӘЛДЕ КЕЛМЕЙ МЕ ДЕГЕН СҰРАҚТАРҒА ЖАУАП БЕРУГЕ МҮМКІНШІЛІК БЕРЕТІН МЕРЗІМ. СОНДЫҚТАН, КОНСТИТУЦИЯ ҰҒЫМЫНА ТОҚТАЛЫП, ОНЫҢ ЗАҢ РЕТІНДЕГІ ЕРЕКШЕЛІГІ, МАҢЫЗДЫЛЫҒЫ МЕН БОЛМЫСЫН АШЫП АЙТҚАН ЖӨН БОЛАДЫ.

 

Конституция ұғымы, латын тіліндегі тұрақты, ылғи да бар, ешқашан жоғалмайтын деген мағына беретін «konstanta» сөзінен өрбіген. Яғни, Конституция сөзінің астарында «бойына қонған, қоныстаған» деген бізге сондай жақын және таныс тұрақтылық мән бар, себебі, сөздің ел көшпелі емес, қонысты деген мағына беретін қасиеті бар. Конституцияны негізгі заң, Ата Заң деп бекер атамайды, себебі, барлық басқа заңдардың түп негізі, қағар қазығы Конституциядан бастау алып, Конституциямен өлшеніп, Конституциядан қоныс табуы тиіс.

Конституция мемлекеттің орындауындағы ең бірінші заң болғандықтан, оның өзіне ғана тән құрылысы болады. Мысалы, Конституция мәтіні арнайы преамбуладан басталады. Преамбула – ең маңызды саналатын құжаттың қандай мақсатпен шығарылып отырғанын ашып көрсететін кіріспе бөлігі. Бұл термин де латын тіліндегі «preambulus» деген сөзден шыққан. Бұл жердегі «pre» дегеніміз қазақ тілінде бір немесе бірінші деген мағына берсе, «ambulus» дегеніміз жүріс немесе жүретін деген мағына береді, яғни, преамбула дегеніміз құжаттың алдында жүретін кіріспесі, алғысөзі деп түсінілуі тиіс.

Қазақстан Конституциясының преамбуласы: «Бiз, ортақ тарихи тағдыр бiрiктiрген Қазақстан халқы» деген сөздермен басталады. Бұл преамбуладан біздің мемлекеттің ең маңызды мақсаты татулықты таңдаған бейбітшіл азаматтық қоғам құруды көздейтіні бірден көзге түседі. Қазақстан

Конституциясы 9 бөлімге бөлінген 98 баптан тұрады. Бірінші бөлім «Жалпы ережелер» деп аталып, 1-баптан басталады. Бап екі бөліктен тұрады. Бірінші бөлікте «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретіндеорнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» делінген. Екінші бөлікте республика қызметінің түбегейлі принциптері «қоғамдық татулық пен саяси тұрақтылық; бүкіл халықтың игілігін көздейтін экономикалық даму; қазақстандық патриотизм; мемлекет өмірінің аса маңызды мәселелерін демократиялық әдістермен, оның ішінде республикалық референдумда немесе Парламентте дауыс беру арқылы шешу» екендігі айқындалады.

Конституцияның қалған бөліктері мен баптары мемлекетіміздің демократиялығын, яғни, монархия еместігін, зайырлығын, яғни, діни мемлекет еместігін, құқықтық және әлеуметтілігін, яғни, өз харакетін заңға сүйеніп, халық мүддесін қорғай отырып іске асыратындығын жоғарыдағы түбегейлі принціптер негізінде қалайды. Мысалы, мемлекеттің демократиялық және зайырлық құрылымы «Халық пен мемлекет атынан билік жүргізуге Республика Президентінің, сондай-ақ, өзінің конституциялық өкілеттігі шегінде Парламенттің құқығы бар. Республика Үкіметі мен өзге де мемлекеттік органдар мемлекет атынан оларға берілген өкілеттіктері шегінде ғана билік жүргізеді. Республикада мемлекеттік билік біртұтас, ол Конституция мен заңдар негізінде заң шығарушы, атқарушы және сот тармақтарына бөліну, олардың тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесін пайдалану арқылы, өзара іс-қимыл жасау принціпіне сәйкес жүзеге асырылады» – деп айқындалады.

 Құқықтық мемлекет екендігі Конституцияда: «Қазақстан Республикасында қолданылатын құқық Конституцияның, соған сәйкес заңдардың, өзге де нормативтік құқықтық актілердің, халықаралық шарттары мен республиканың басқа да міндеттемелерінің, сондай-ақ, Республика Конституциялық Кеңесінің және Жоғарғы Сот нормативтік қаулыларының нормалары болып табылады», – деп көрсетіледі. Осы жерде бұл норманың басқа заңдардың бәрі Конституцияға сәйкес болу керектігін міндетті түрдегі талап ретінде ерекше байқатып отырғандығын айта кету қажет. Одан әрі, келесі нормаларда «Конституцияның ең жоғары заңды күші бар және республиканың бүкіл аумағында ол тікелей қолданылады» – деп жазылып, Конституцияның атқаратын аса маңызды рөлі анық және ашық аталып өтіледі. Сонымен бірге, мемлекеттің әлеуметтік принципін құрастыру жолын Конституция «Азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты нормативтік құқықтық актілерді ресми түрде жариялау оларды қолданудың міндетті шарты болып табылады» – деп бастайды. Және бұл бастау Конституцияда өз жалғасын табады.

Айталық, Конституцияда меншік туралы «Қазақстан Республикасында мемлекеттік меншік пен жеке меншік танылады және бірдей қорғалады», «Меншік міндет жүктейді, оны пайдалану сонымен қатар қоғам игілігіне де қызмет етуге тиіс», – делінеді. Бұл нормалардың іске асырылу жолдары Конституцияның екінші бөлімінде «Қазақстан Республикасының азаматтары заңды түрде алған қандай да болсын мүлкін жеке меншігінде ұстай алады. Меншік, оның ішінде мұрагерлік құқығына заңмен кепілдік беріледі. Соттың шешімінсіз ешкімді де өз мүлкінен айыруға болмайды. Заңмен көзделген ерекше жағдайларда мемлекет мұқтажы үшін мүліктен күштеп айыру оның құны тең бағамен өтелген кезде жүргізілуі мүмкін. Әркімнің кәсіпкерлік қызмет еркіндігіне, өз мүлкін кез келген заңды кәсіпкерлік қызмет үшін еркін пайдалануға құқығы бар. Монополистік қызмет заңмен реттеледі әрі шектеледі. Жосықсыз бәсекеге тыйым салынады», – деп айқын жазылған.

Коституцияның тікелей қолданыстағы заң ретінде іске асырылу мүмкіндігі, әсіресе, оның Сот пен Сот төрелігі деген бөлігінде анық жазылған.

Әрине, қазіргі заман өзгерістер мен жаңалықтарға толы заман. Конституция да қанша тұрақты болғанымен, өзгеріске ұшырамай тұрмайды. Сондықтан да, Конституцияның өзінде «Қорытынды және өтпелі ережелер» деген бөлім қарастырылған. «Бұл бөлімде республикалық референдумда Конституция қабылданған күн мемлекеттік мереке – Қазақстан Республикасының Конституциясы Күні деп жарияланады», – делінген.

Сонымен бірге бөлім Конституцияға Республика Президентінің өз бастамасымен, Парламенттің немесе Үкіметтің ұсынысымен қабылданған шешімі бойынша өткізілетін республикалық референдумда өзгертулер мен толықтырулар енгізуі мүмкін екендігін де атап өтеді.

Мұндай Конституция біздің заманымыздың талаптарына сай келеді, әлемде болып жатқан өзгерістерге төтеп бере алады, халық тілектерінен шыға алады деп сенім білдіргім келеді.