Шығыс Қазақстан облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының судьясы К.Сейтов, «Анықтама сөздік», «Заң» журналы», №7, 2018ж

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Бұл бастаманы мен «Заң» журналы тапсырғандай құқық мәселелеріне ғана арнаймын ба деп ойлағанмын, алайда қазақ тілінде сөздіктер жетерлік, соның ішінде құқық саласына арналғандары да аз емес болғанымен, көбінің сапасы сын көтермейді. Сондықтан, неде болса, қазақ тіліндегі сөздіканықтама ретінде зерттеу еңбек жазып көрейін деген оймен осы жұмысқа кірістім.

Сонымен бірге, мақала жазу барысында әр саланың түбінде құқық мәселесі бірге жататындығы, қазақтың теруге түскен әр сөзінің астары да құқық пен заң алаңына алып келетіндігі анық байқалды. Сонымен, құқық саласына тікелей байланысы бар ұғымдардан сөздік жасауға ұмтылысымның нәтижесін оқырмандар назарына ұсынуды жөн санадым. Және осы мақалаға байланысты оқырманның ұсыныс-пікірлерін асыға тосамын. Аннотация: Мақала құқық саласыны тікелей байланысы бар ұғымдардан анықтама сөздік жасау мақсатын көздейді. Күнделікті өмірде кеңінен қолданылып жүрген қазақ сөздерінің мән-мағынасы жан-жақты зерттеледі. Түйін сөздер: Авергарс, авеню,аверс, аверсия,авеста, авия, авизо.

Авергарс – А.Н. Булыконың «Шетел сөздерінің үлкен сөздігі» бұрғы деп түсіндіреді, голландтың «avegaar» сөзінен алынған дейді. Бұл сөздің «бұр» деген тамыры «ауу» сөзінің астарын еске түсірткізеді, себебі сөздің шетел тіліндегісінде «аве» деген бір бөлігі ғана бар, оны қазақ тілінде «ауа» деп оқуға болады. Сөздің «gaar» (гарс) деген бөлігіне мүлдем басқа түсінік беруге де болады.

Авеню – ШСС бұл сөз француздың «avenue» деген сөзінен пайда болған, ал, ол сөздің өзі латынның «advenire – келу» деген сөзінен шыққан дейді. Бұл жерде де сөздің түбірінде «ауу», одан барып «ауа» сөзін іздестіруге болады. Себебі «авеню» деп екі жағына бірдей ағаш өсірілетін кең көше аталады, ал, ондай ұғымды «таза ауа көшесі» деп түсінуге де болады. Яғни мұндай көшелерді «ауалы» деп атауға барлық мүмкіндіктер бар.

Аверс – бұл сөз «беті бері қараған» деген ұғым береді, тиынның, медальдың бергі беті осылай аталады. Біз ондайды «аберіс» деп оңай қолдана аламыз. Демек, бұл сөзде қазақтың «бері – кері» деген ұғымдарының сүлдесі қалған.

Аверсия – А.Н. Булыконың «Шетел сөздерінің үлкен сөздігі» бұл латын тіліндегі сөз, қазақ тілінде «жиіркену» деген мағына беретін «aversio» сөзінен шыққан дейді, сексуалдік дисфункцияның ауыр түрлерінің бірі, либидоға қарама қарсы ұғым деп түсіндіреді. Біз бұл сөзді «ауерсі» немесе «ауеріс» деп оқи аламыз.

Авеста – сөздікте бұл парсының сөзі, қазақ тілінде «негізгі мәтін» деген ұғым беретін «apastak» сөзінен өрбіген деп түсіндіріп, зороастризмның қасиетті кітабтарының жинағы осылай аталатындығын айтады. Біз бұл сөзді қазақ тілінде «ауесте» деп қолдана аламыз, себебі, адамзаттың «ау» дегеннен естелігінде қалған дүниені дәл осы «ауестеден» білуге болады. Немесе бұрынғыдан адамзаттың есінде қалғаны, яғни, жадында сақталып қалған білімдері қазақ тілінде дәл осылай «Ауесте» деп аталуы біз үшін ешқандай қиындық туғызбайды.

Авиа – ШСС бұл сөз қазақ тілінде «құс» деген мағына беретін латынның «avis» деген сөзінен шыққан, «авиация» ұғымына байланысты құралған күрделі сөздердің бір бөлігі болып табылады дейді. ҚӘТС қазақ тілінде «авиа» деп басталатын 27 сөз келтіріпті. Оның ішінде «авиаапат, авиабаза, авиабайланыс, авиакөкжиек, авиақұрылыс,авиамектеп, авиатозаңдандыру, авиатүсіру, авиахимкүрес, авиация» сөздері де бар. Бұл жерде «авиа» сөзін «әуе» сөзімен байланыстырып, қазақ тілінде «әуеа» деп қолданса, ешқандай қиындық болмаушы еді деп ойлаймын. Себебі «құс» атауының латын тілінде «avis» аталуы тегін емес, құстың әуемен байланысы ауамен қалқып ұшуына қатысты аталуы мүмкін, әуе мен ауа байланысы да осында, сөйтіп «авиа» сөзі де түрік тілінен алыс кете қоймаған сөз. Бұдан біз «Август» атауын да «әуе құсы» деп ұғуға болатынын көре аламыз.

Авиваж  – А.Н.Булыконың «Шетел сөздерінің үлкен сөздігі» бұл сөзбен «химиалық заттармен өңделіп, басылып шыққан тоқыманың бояуын түрлендіру барысы» аталады дейді. Бұл сөзді қазақ тілінде «әуеуәж» деп атауға болады. Сөз француздың «avivage» деген сөзінен алынған делінеді. Сөздің «avi» деген бөлігін «ауу» деп ұғуға болады, бұл жерде бізге керегі сөздің «бояуды тоқымаға аудару» деген мағынасы.

Авидитет – А.Н. Булыконың «Шетел сөздерінің үлкен сөздігі» «адамның және жануарлардың организміндегі имунндық реакцияларының жүру барысының қарқындығын сипаттайтын қасиет» осылай аталады дейді. Сөз латынның «avidus» деген сөзінен шыққан, қазақ тілінде «қызғаншақтық» деген мағына береді делінеді. Қазақ тілінде бұл сөзді «ауудыетет» деп қолдануға болады, себебі сөз имундық реакциялардың ауысу жылдамдығын (ауу етуін) белгілеуге арналған.

Авидность – А.Н.Булыконың «Шетел сөздерінің үлкен сөздігі» бұл да жаңағы «avidus» сөзінен шыққан, «антигендер мен антителалардың молекулаларының комплементарлы телімдерінің байланысының мықтылығын анықтайтын қасиет» осылай аталады дейді. Сонымен «авидность» дегеннің бұл жерде орыс тіліндегі «вид» сөзіне ешқандай қатысы жоқ. Біздің тілмен де бірінші қарағанда ешқандай араласы жоқ сөз болып көрінеді. Алайда «авидность» ұғымы «қызғаншақтық» сөзінің мағынасымен бекер байланыстырылып тұрған жоқ, антигендер мен антителалардың өзара қатынасында, өз қасиеттерін жоғалтып алмай, ауыстырмай, сақтап қалуға тырысып бағады. Сондықтан, бұл атауды да қазақ тілінде «ауудыетпе» деп қолдануға болады. Мұның бәрі не керек дейтіндерге, осы сөзге арналған түсінікте кездесетін антигендерге, антителаларға, молекулаларға, комплементарларға қазақ тіліндегі баламаларын іздемесек біздің ғылыми тілдің қазақшасы не болмақ деп өз сұрағымды қоямын.

Авиетка – А.Н.Булыконың «Шетел сөздерінің үлкен сөздігі» «бір немесе екі кісі ұшуға арналған, қозғалтқышының күші төмен жеңіл ұшақ» осылай аталғандығын айтады. Сөз француздың «aviette» деген сөзінен алынған делінеді. Мұндай кішкене ұшақтарды біз «әуеат» деп атасақ, тіліміз байымаса, кемімейді.

Авизо – ШСС бұл сөзді италяндық «avviso» сөзінен тараған деп көрсетіп, «хат алушыға өнімнің жөнелтілгені немесе ақшалай қаражаттың аударылғаны, сондай-ақ, контрагенттер арасында жасалған өзара есептесуге енгізілген өзгерістер жөніндегі хабарламаның» осылай аталатындығын көрсетеді. Сонымен қоса қаражат саласында банктың өзінің клиентіне немесе екінші банкке есептесу операциялардың орындалғаны жөнінде жолдайтын ресми хабарландыруы да осылай аталатындығын жазады.

Сондай-ақ, барлау және жеткізу қызметінде қолданылатын кішкене және шапшаң жүзетін әскери кеме де «авизо» деп аталатыны айтылады.

Л.М. Баш және басқаларының «Қазіргі заманның шетел сөздерінің сөздігі» бұрын бір болған оқиға туралы жазылған хат, газетке бастырылып шыққан жаңалық та «авизо» деп аталғандығын көрсетіп, бұл сөздің түбірінде «назарда ұстау, хабардар болу, байқап көру» деген сияқты мағыналар беретін «viser» сөзі жатыр деп түсіндіреді.

Бұдаң біз сөздің «av» бөлігін «аудару», «visо» бөлігін «назар» деп ұғынуға болатындығын көре аламыз. Яғни бұл жерде де сөзді «ауу» ұғымымен байланыстыруға болатындығын айта аламыз. Және сөздің бір жақтың екінші жақты хабардар ету мағынасына қарай бір жақты өзіміз – біз деп, екінші жақты – олар деп ұғынатын болсақ, онда «авизо» сөзін олар екі жаққа да ортақ нәрсеге ие, ал, бізге дегені қайда дегеннен пайда болған ұғым деп түсінуге болады. Сондықтан «авизо» терминін ортақ нәрсенің қозғалысы туралы немесе сақталудағы өз дүниеңдегі өзгерістер туралы «а бізгесін» жеткізу міндеті деп ұғыну қажет. Демек, терминді қазақ тілінде «абізге» немесе «әбізі» деп қолдануға болады. Мысалы, «заполните бланк авизо» дегенді қазақ тіліне «әбізгі бланкісін толтырыңыз» деп аударуға болады. «Авизируйте это изменение в счете клиенту» дегенді қазақ тіліне «Шоттағы осы өзгеріс туралы клиентке абізгі жасаңыз» деп аударуға болады. Осылай терминдерді қазақ тіліне икемдей білу қазақ тілінің әр саладағы тіл мәдениетін көтеруге ықпал жасай алады, бұл жердегі әңгіме, әрине, банк саласындағы терминологияны қазақшаландыру болып отыр.

Ависта – ШСС бұл сөз «ұсыну бойынша» деген түсінік беретін итальяндық «avista» сөзінен өрбіген, «құжатты ұсынған адамға сол арада немесе белгілі бір мерзім өткен сөң төленуге тиіс сома көрсетілген вексельдегі жазу» осылай аталатындығын көрсетеді деп түсіндіреді. Сондай-ақ, сөздіктерде «ұсынушының векселі» де осылай аталатындығы жазылған. Бұл сөзден де біз «ауу» ұғымының салдарын таба аламыз, яғни сөзді термин ретінде «аууыс» деп қолдана аламыз. Себебі бұл сөз қаражаттың бір уыстан екінші уысқа өту тәртібін көрсетеді.

 Авитаминоз – ШСС бұл термин «ағзада дәруменнің жеткі­ліксіздігінен туындайтын ауыру» осылай аталады деп түсіндіреді.

ҚӘТС-те бұл терминді «ағзада тиісті дәрумендердің жетіспеуінен пайда болатын (құныс, мешел, цинга, пеллагра сияқты) аурулар» осылай аталады деп көрсетіпті.

Бұл ұғым медицина саласының термині ретінде қазақ тілінде «дәруменсіздік» деп бекітіліп те қойыпты. Алайда «витамин» сөзі «vita» (өмір) және «aminosaure» (аминқышқылдары) деген ұғымдарынан қысқартылып алынған сөз екендігін ұмытпау қажет. Демек, біз сөзді қазақ тіліндегі «өмір және аминдер» туралы ұғымды қолдана отырып қазақшалау керектігін есте ұстауымыз қажет. Әзірше терминді мен қазақ тілінде «өміраминозсіздену» деп қолданушы едім.

 Авителлиноз – ШСС бұл терминді «vitalis» – «өміршең» сөзімен байланыстырып, «қойлар мен ешкілердің ащы ішектерінде болатын паразит, авителлин тұқымдастарына жататын құрттардың салдарынан болатын инвазиондық ауыру» деп түсіндіреді.

Сөйтіп, бұл термин де «өмір» сөзімен байланысты болып тұр. Сондықтан, бұл жерде де мен терминді қазақ тілінде әзірше «өмірозсіздену» деп қолданушы едім. «Авиттелин» ұғымын «өміршеңсіз» деп түсінуге болады.

Авифауна – ШСС бұл терминнің «ави» деген бөлігі «құс» деп ұғылады, «белгілі бір құстардың жергілікті бір жердегі, қоршаған ортадағы немесе жер тарихындағы бір кезеңдердегі жиынтығы» деп түсіндіреді, «орнитофауна» терминімен мәні бір термин деп көрсетеді. Бұдан мен ертеде құс пен әуенің маңыздылығы теңестіріле қабылданғандығын көремін. Сондықтан да, сөздің бұл жердегі «ави» бөлігін алдында «авиа» терминіне байланысты көрсеткендей «әуеа» деп қолданып, жалпы терминді қазақ тілінде «әуеафауна» деп қолдануға болады деп білемін.

Авлакоген – А.Н.Булыконың «Шетел сөздерінің үлкен сөздігі» бұл сөзді геологиялық термин деп біледі. «Платформаның іргетасын кесіп өтетін, үлкен жарқаштармен шектелетін, ұзатыла созылған өте жылжымалы ойпат» осылай аталады дейді. Мысал ретінде, Припят-Донец авлакогенін келтіреді. Сөз гректің орыс тілінде «борозда» ұғымын беретін «aulaks» сөзінен өрбіген делінеді.

«Когенді» қоя тұрып, «авласы» да сол қазақтың «ауу» сөзімен ұштасып жатқандығын аңғару қиынға соқпайды. Сондықтан, терминді қазақ тілінде «аумакоген» деп қолдануға болады. Ойпаттың орнына тоқтамай, жылжи беруі де оның ауытқу, яғни, аууға берілгіш қасиетін көрсетіп тұр.

Авлос – ШСС «ерте замандағы үрлемелі музыкалық аспап» осылай аталған дейді, гректің «aulos» деген сөзінен алынған дейді. Мен терминді қазақ тілінде сол қалпында «аулос» деп қолдана беру керек деп білемін.

Авокадо – ШСС бұл сөзді ацтек тілінен шыққан сөз деп келтіріп, олардың «лавр тұқымдастығына жататын, жемісі жеуге жарамды аллигаторлық алмұртты» осылай атайтынын айтады. Біз қазақ тілінде мұндай жемісті «әуеқат» деп атай аламыз.

Авось – бұл сөзді ОҚС қазақ тіліне «бәлки, бәлкім, ықтимал, мүмкін» деп аударыпты.

М.В. Климованың Үлкен этимологиялық сөздігінде бұл сөз орыс тіліндегі «а» деген көмекші сөзден және «вот», «это» деген, яғни, қазақ тілінде «міне, осы» деген мағына беретін ертедегі орыстың «осе» деген сөзінен құралған сөз деп түсіндіріледі, «байқа, бәлкім» деген мағына береді деп жазылады.

С.И. Ожегов өз сөздігінде бұл сөзді «лингвистикалық мағынада демеулік шылау ретінде қолданылатын сөз» деп түсіндіріп, «адамның бір нәрсе осылай болса екен деп үміттенуі, солай болады деп өз ісінің кездейсоқтан-ақ сәтті болатынына сенуі» осылай аталатындығын жазады.

Д.Н. Ушаков өз сөздігінде бұл сөзді «лингвистикалық мағынасы бойынша қыстырма сөз болып табылады» деп жазып, «негізі жеткіліксіз келетін кездейсоқ сәттілікке сеніп жасалатын іс» осылай аталатындығын айтып, орыс тілінде қолданылатын «авось да небось»,«авось, небось да как-нибудь» деген мәтелдерді де келтіреді.

В. Даль өзінің сөздігінде сөзді осы келтірілген мағыналарда түсіндіріп, сөздің латын тіліндегі «fore ut» деген баламасын да келтіреді.

Осы айтылғандардан мен бұл сөздің астарында қазақтың «не болса, о болсын», «а болса, со болсын, бара көреміз», «барғанда көрсеткенің осыма» деген сияқты сөздеріндегі «осы», «а болсын» деген түптері жатыр ма деп ойлаймын.

Мұндай тұжырымды орыс тілінде «авоська» деп айтылатын дорбаның атауы да құптайды, себебі «болса, осыған сал», «болмаса осының залалы жоқ, өзіңмен бірге жүре берсін» деген сияқты қазақ сөздерінің бара-бара көршілес тілде қысқартылып, дорбаның атауына айналып кеткендігіне ұқсайды. Сөйтіп, қазақтың қарапайым «осы», «болсын» деген кездейсоқ күнделікті қолданатын сөздері орыс тіліндегі кездейсоқ сәттілікке үміттенгенін айтатын мұқым бір ұғымның пайда болуына әкеп соққан деп санауға болады.

 Мұндай дорбаның аудан жасалатындығыда қазақ тілінде «ау осы» деп жаңа ғана айтылған қазақтың «міне, мынау» деген сөздерін айна қатесіз қазақтың «осы» сөзі арқылы қайталап тұр. Бұдан біз «сәттіліктің кездейсоқ емес, осы ауды өзіңмен бірге алып жүрсең ісің сәтті болып, тапқаныңды осы ауға сала жүрерсің» деген ырымның болғанын көре аламыз. Мұның өзі, өз кезегінде, «жай жүрмей, сәті түсетін сағатты аулай жүр» дегенді білдіреді.

Мұның бәрін жазып отырғанымның себебі заң саласында «риск» деген ұғым бар екендігі. Қазір ол ұғымды біз қазақ тілінде «тәуекел» деп аударып жүрміз. Бірақ, олай аудару онша дұрыс болмай жүр. Мысалы, «риск случайной гибели» деген ұғым қазақ тіліне «қауіп» сөзін қолдану арқылы аударылады. «Авось» пен «рисктің» айырмашылығы мынада. «Авось» дегеніміз «болса болды, болмаса жоқ» деген сөз, яғни, еш алаңсыз, ештемені болжамай, өз шаруаңды жасай беру. Ал «рискінің» мағынасы «болса болды, болмаса туындайтын бар ауыртпалықты өзім көтеремін» деп алдын ала қамдану. Бұл жерде түсіндіріп айта кету керек. «Авось» сөзі орыстың өзінің ана тілінің сөзі емес, сөз оларға түрік тілінен кіріп отырғанын осы жазылғандардың өзінен де көру қиын емес. Сондай-ақ, «риск» сөзі де орыстың өз ана тілінің сөзі емес, сөз орыс тіліне француз тілінен кіріп отыр. Сайып келгенде, «авось» сөзінің мағынасының «риск» сөзінің мағынасынан ешқандай айырмашылығы жоқ, тек ұғым ретінде орыс тілі батыс тіліндегісінің мағынасын көтермелеп, шығыс тіліндегісінің мағынасын төмендетіп қолданып отыр. Мен болсам өз тілімізден алынған сөздің мағынасын кемсітпей, керісінше, арттырып қолдануды көздеумен қоса екі терминнің де қазақ тіліндегі баламасын қолдана білуге талпыну қажет деп санаймын. «Жолға ау ала шығу» дегеніміз ешқандайда алаңсыз іске кірісудің нышаны емес, іске алдын ала қамдана кірісудің нышаны екендігін ескере отырып, сөздің бүгінгі күнгі орыс тіліндегі мағынасына орай қазақ тіліне «абосқа» деген сөзді ендіруге болатынына назар аударамын.

Бұдан біз «тәуекел» дегеніміз іске қиындықтарға құр көз жұмып кірісіп кету ғана емес, әрекеттерді жасауға белгілі бір есеппен кірісу екендігін көре аламыз.

Осыдан барып «абосқа» ұғымы «тәуекел» ұғымының антонимі болып шығатындығын түсіне аламыз.

«Ау осыны», яғни дорбаны әрі-бері тасып жүру үрдісі, дорбаның көбінде түксіз, бос қала беруі, аудың анда-мұнда босқа тасылуымен сабақтастырылып, орыс көршілеріміз ондай дорбаны «авоська», үрдістің өзін «авось» деп атап кетуі әбден мүмкін нәрсе.

Аврал – қазіргі кезде бұл сөз қазақ тіліне «дүрмек» деп аударылып, «кемедегі бүкіл команданың дүрмекпен жұмыла жұмыс істеуі» осылай аталатыны көрсетіліп, ауыстырмалы түрде «жапатармағай, жұмыла жұмысқа барлық қызметшілерді жұмылдыру» деп түсіндіріледі. Не айтуға болады, құптау қажет деп ойлаймын. Тек реті келіп, сөзді қолдануға сәті түскенде, ондай оқиғаның қазақша атауын ұмытып «аврал» демей, «дүрмек» деп оқиғаны өз атымен атайтын болайық.

Авран – ШСС бұл сөзді немістің «алтын» деген ұғым беретін «aurum» сөзімен байланыстырады. Шөптесін өсімдіктердің тегіне жататын сабынкөк тұқымдас өсімдік осылай аталатындығын көрсетіп, олардың бір түрін емге жарамды деп түсіндіреді.

Қазіргі кезде бұл сөздің қазақ тіліндегі атауы жоқ. Өсімдіктің жаңағы аталған емге жарамды түрін Х. Тілемісов пен Е. Рамазанов өздерінің «Ауыл шаруашылығы сөздігінде» «лекарственный авран» деп атап, қазақ тіліне «дәрілік авран» деп аударыпты. Бүгінгі күні қолданыста өсімдіктің «аптечный авран» деген түрі белгілі, өсімдіктің бұл түрі қазақ тіліне «бұзар-түзер» деп аударылыпты.

Сөйтіп, бүгінгі күні «авран» сөзінің қазақ тіліндегі баламасы жоқ. Википедия бұл терминмен «бақажапырақ тұқымдастығына жататын көпжылдық улы шөптесін өсімдік» аталатынын жазады.

Алтынның ауыр металлдар қатарына жататындығын ескерсек, немістер алтынды «ауыр» деп бекер атамаған секілді. Олар аталған шөптесіннің улылығын, ууыттылығын ескеріп, оны да ауыр өсімдіктер қатарына жатқызса керек.

Бізге керегі «авран» дегеніміз жай ғана бір өсімдіктің атауы ғана емес, бір текке жататын әртүрлі көптеген өсімдіктердің ортақ атауы екендігі, «бұзар-түзер» «авранның бір түрі» ғана болып шығатындығы. Қазақ тілінің осал жерлерінің бірі әр нәрсені осылай тек пен түрге бөлу жүйесін жасап атауға ықтиярлығының жоқтығында. Менің қазақ тілінде сөздік жасауға ұмтылғандағы мақсатымның бірі болып қазақ тілінде сондай бір жүйе жасап алуға өз себебімді тигізсем бе деген үміт қана.

Мен «авран» ұғымын қазақ тілінде «ауыран» деп қолдану қажет деп білемін.

 

Жалғасы бар.