Шығыс Қазақстан облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының судьясы К.Сейтов, «Анықтама сөздік», «Заң» журналы», №6, 2018ж

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Бұл бастаманы мен «Заң» журналы тапсырғандай, құқық мәселелеріне ғана арнаймын ба деп ойлағанмын, алайда қазақ тілінде сөздіктер жетерлік, соның ішінде, құқық саласына арналғандары да аз емес болғанымен, көбінің сапасы сын көтермейді. Сондықтан, неде болса, қазақ тіліндегі сөздік-анықтама ретінде зерттеу еңбек жазып көрейін деген оймен осы жұмысқа кірістім.

Сонымен бірге, мақала жазу барысында әр саланың түбінде құқық мәселесі бірге жататындығы, қазақтың теруге түскен әр сөзінің астары да құқық пен заң алаңына алып келетіндігі анық байқалды. Сонымен, құқық саласына тікелей байланысы бар ұғымдардан сөздік жасауға ұмтылысымның нәтижесін оқырмандар назарына ұсынуды жөн санадым. Және осы мақалаға байланысты оқырманның ұсыныс-пікірлерін асыға тосамын.

 Аннотация: Мақала құқық саласына тікелей байланысы бар ұғымдардан анықтама сөздік жасау мақсатын көздейді. Күнделікті өмірде кеңінен қолданылып жүрген қазақ сөздерінің мән-мағынасы жан-жақты зерттеледі. Түйін сөздер: Абыржу, абырой, абысын, аваль, аванбек, авангард, авар.

Абыржу – бұл сөздің мағынасын ҚӘТС «абыржы» етістігінің қимыл атауы «абдырау, сасқалақтау, асыпсасу» деп түсіндіріпті. ҚТСС те бұл сөздің синонимдері ретінде «сасқалақтау, сасу, қалбалақтау, дағдару» сөздерін келтіріпті. ҚОС бұл сөзді орыс тіліне «замешательство, смятение, растерянность, волнение» деп аударып, «абыржуды білмейтін адам» дегенді орыс тіліне «он не знает, что такое суета» (т.е. он всегда спокоен) деп аударылатыны туралы мысал келтіріпті.

Қазақ тіліндегі психологияның энциклопедиялық сөздігі бұл сөзді – «адамның қарапайым сезімдерінің жағымсыз бір түрі. Бұл түрлі үрейге бірден сене кететін, ерік-жігері осал, өзінің жан дүниесін дұрыс басқара алмайтын, білімі де, өмір тәжірибесі де кемшін адам. Мұндайлардың жүйке қызметі де баяу, көбінде тежелуінен қозуы басым келетін индивид» осылай аталады деп түсіндіріпті.

«Абдырау» сөзіне «паника» терминінің мәнін беруге болатындығы туралы жазғанмын.

«Абыржу» сөзіне психологияның энциклопедиялық сөздігі «абдырау» ұғымына қарағанда жеңілірек мағына беріп отырғандығын көріп отырсыздар.

31 томдық ҚООҚТС-тың 25-томы педагогика мен психологияға арналған, бұл томда сөздік «абыржушылық» сөзін термин ретінде келтіріп, орыс тіліне «растерянность» деп аударыпты.

Орыс тіліндегі психологиялық сөздік «растерянность» деген сөзді мүлдем келтірмейді. Алайда, «растерянность» ұғымы психикалық тұрғыдан келгенде еріктің (воляның) үш түрінің біріне жататындығы көрсетілген, орыс тілінде бұл үш түр «решительность, растерянность, собранность» деп жазылған.

Осы көрсетілгендердің негізінде «абыржу» сөзін орыс тіліне «суета» деп аудармау керектігі түсінікті деп ойлаймын.

«Абыржуды білмейтін адам» деген сөйлем орыс тілінде «человек, который не растеряется» деп ұғылуы тиіс.

Абырой – ҚӘТС бұл сөзге «абиыр» сөзіне ұқсас мағыналар береді, тек ауыспалы түрде ғана бұл сөз ол мағыналардаң басқа «пайда, олжа» деп те түсінілетіндігін айтады.

 ҚОС бұл сөзді орыс тіліне «авторитет, престиж, хорошая репутация, доброе имя» деп аударады, ауыспалы түрдегі «пайда, олжа» деген мағыналарын «польза, добро, благо» деп аударады.

Мен бұл сөзді термин ретінде пайдаланғанда ең бірінші «престиж» мағынасында қолдану керек деп ойлаймын. Мысалы «престижный транспорт» дегенді қазақ тіліне «абыройына сай көлік» деп аударуға болады.

Абысын – ҚӘТС бұл сөздің мағынасын ағайынды, туыстас адамдардың әйелдерінің бір-біріне қарым-қатынасын көрсететін туыстық атау деп түсіндіретіні туралы айтады.Бұл сөзді термин ретінде абстракция сөзімен байланыстырып «абысындау, абысынжолдау» деп қолдануға болатындығына тоқталғанмын.

Сөздікте осы сөзге синоним ретінде «абысын-ажын» сөзі келтірілген, «абысын» сөзінен ерекшелігі алысжақын ағайынды адамдардың әйелдерінің жалпы атауы осылай айтылады деп көрсетілген. Мен ағайынды адамдардың әйелдерінің жалпы атауы осы «абысын-ажын» түрінде қалдырылуы керек деп санаймын, «абысын» сөзін термин ретінде «абстракция» ұғымымен байланыстыру қажет деп білемін.

Абъюрация – А.Н. Булыконың «Шетел сөздерінің үлкен сөздігі» бұл сөзді латын тіліндегі «abjuration» деген сөзден шыққан, «ант-су іше отырып бірдемеден бас тарту» дегенді білдіреді, термин ретінде ел-жұрт алдында өзіңнің дініңнен немесе анық-сенімдеріңнен бас тарту рәсімі осылай аталады деп жазады.

Бұл сөзден мен қазақтың «абырой, абиырабұйыр, абүйір, әбиір, әбүйір» сөздерінің сілемдерін көремін. Термин қазақ тілінде «абұйырсыздау, абұйырсыздану» түрлерінде қолданылатын болса «а» деп бұйырған құндылықтардаң бас тарту рәсімдерінің әр түрлерін қазақ тілінде де мықтап баламалауға мүмкіндік туындаушы еді.

Бұл терминнің «аб» және «юра» деген бөліктерден құралып тұрғандығы көзге бірден түседі, тек «аб» бөлігі бұл жерде бас тарту сөзінің рөлін атқарып тұр.

Жалпы «аб» жұрнағының шетел сөздерінде көбінде ұғымды терістеу рөлін ойнаса, өз тіліміздегі немесе түрік тілдеріндегі терминдерде бұл жұрнақ оңды рөл атқаратындығын байқау қиын емес. Мұның өзі терминдердің құралу жолы жасанды түрде жоспарланып іске асырылып отырғандығы көрсеткіштерінің бірі болып табылады.

«Юра» сөзімен құқық пен заң ұғымдары қамтылатындығын біз білеміз, сондықтан бұл сөз алғашқыда өз құқығыңнан немесе заңды иелігіңнен бас тартуды айқындағандығы түсінікті болса керек.

Аваль – осындай терминмен үшінші тұлғаның кепіл ретінде вексельдік кепілдікке түсірген жазуы аталады, сондай-ақ, осындай кепілдік бойынша жасалған төлемде «аваль» деп аталады.

Орыс тілінде «аваль» терминінің мағынасы былай деп түсіндіріледі: «вексельное поручительство, сделанное третьим лицом в виде гарантийной записи»; «платеж по такому поручительству».

Терминнің орыс тіліндегі түсінігін келтіріп отырғаным, «поручительство» мен «гарантия» ұғымдарының қазақ тіліндегі баламасын тек кепіл деп жазғаныма көңіл аударсаңыздар екен дегенім.

Жалпы «аваль» термині француз тілінен алынған делінеді. Бұл термин «Қазақстан Республикасындағы вексель айналымы туралы» заңында кездеседі. Заңда «аваль» терминінің мағынасы «вексель кепілдігі, соған орай оны жасаған тұлға вексель бойынша міндетті басқа тұлға үшін вексель жөніндегі төлемді жасауға (толық немесе бір бөлігін) өзіне міндеттеме қабылдайды» дегенді білдіреді деп түсіндірілген.

Мен бұл терминді қазақ тілінде «ауар» деп қолданушы едім, себебі терминнің мағынасы бір тұлғаның екінші тұлға алдындағы міндеттемесін орындау үшінші тұлғаға ауғандығын көрсетеді.

Аванбек – ШСС бұл сөзді француздың «avant-bek» деген сөзінен алынған дейді. Сөздің «avant» деген бөлігі қазақ тілінде «алдыңғы» деген мағына берсе, «bek» дегені «шығыңқы» деген мағына береді.

Жалпы терминнің мағынасы тиянақты емес жыныстарда жүргізлетін шахта жұмыстарында немесе өзен арнасының астында жүргізілетін жұмыстарда қолданылатын цилиндр тектес немесе сопақша келетін темірден жасалған қозғалмалы бекіткіштің осылай аталатындығын білдіреді.

Бұл жерде мен «аваль» мен «авант» сөздерін салыстырып, екеуін де «ауар» сөзімен баламалаушы едім, себебі қазақтың «алдыңғы, шығыңқы» деген сөздерін бір «аууыңқы» сөзімен атап, мағыналарын өзгертпей беруге болады, себебі «аууыңқы» атауымен алдыға, оңға, солға, артқа тартатын жай-жәйттарды атауға болады.

Біз болсақ «аванбек» термині арқылы көшпелі қоғамның елеулілері болып бектер табылатындығын білетін адамдар ретінде ерте заманда аванбектердің қоғамды алға тарту жұмысын бекітетін нағыз бекіткіштер болғандығын болжай аламыз.

Сондықтан, мұндай терминді біз ұмытпауымыз керек, алайда қазақ сөздіктерінен бұл сөзді біз кездестіре алмаймыз. Себебі түсінікті, бұл сөз ұмыт қалып, бөтен біреулердің еншісінде кеткен сөз.

«Аванбек» сөзін қазақшаландырып «ауанбек» атап, өзіміздің экономикамыздағы тау, шахта, су шаруашылығы саласында қолданылатын бір терминге айландыратын болсақ және бір оңды ескімізді жаңартқан адамдардың бірі болып шықпаймыз ба?!

Бұл айтылғандардың келесі келтірілген сөздерге де тікелей қатысы бар.

Авангард – бұл сөзді ШСС француздың «avant-garde» деген сөзінен шыққан дейді, «авант» дегені қазақ тіліне қалай аударылатыны айтылды, «гарде» дегені қазақтың қазіргі «қарауыл, жасақ, күзет» деген ұғымдарының мағыналарын қамтиды. Қазір біз пайдаланатын «гвардия» сөзі осы сөзден өрбіген. Яғни, терминнің қазақ тіліндегісі «алдыңғы жасақ» деген сөз. Шынында да ШСС бұл терминнің екі мағына беретіндігін айтады. Біріншісі, жорықтағы және шабуыл кезіндегі әскердің басым күштерінің алдында жүретін бір бөлігі осылай аталады. Екіншісі, ауыстырмалы түрде қоғамдық топтың немесе қоғамдық қозғалыстың алға тартушы, жүргізуші бөлігі осылай аталады. Ал енді қараңызшы, аванбек пен авангардтың соңғы мағынасы бір-бірінен немен өзгешеленеді? Мен ешқандай өзгешелік көрмей отырмын. Сондықтан да, бұл жерде де сөздің «аван» деген бөлігін «ауан» деп қолдануға болады. «Гард» сөзіне тоқталатын болсақ, бұл сөз тағы бір әскери термин болып табылатын «арьергард» сөзінде кездеседі. ШСС «гард» сөзінен құралған «гарда, гардекор, гардемарин, гарденит, гардероб, гардина» деген терминдер мен сөздерді келтіреді. Реті келгенде бұл сөздерге де тоқталармын. Әйтсе де, меніңше, бұл сөздің түбінде қазақтың қазіргі «қару» сөзінің бір тамыры жатқан болу керек деген ой бар. Айта кетейін дегенім ШСС «аван» сөзінен басталатын «авангардтан» басқа «авандельта, аванзал, аванкамера, аванложа, аванпорт, аванпост, аванс, авансцена, авантаж, авантитул, авантюра, авантюрин, авантюрист» деген сөздерді келтіріпті. Осылардан ҚӘТС өз тізіміне қазақтың әдеби сөдері ретінде «авангард, аванзал, аванложа, аванпорт, аванс, авантюра, авантюрист» дегендерін кіргізіпті. «Аванжоба» және «авантюризм» дегендердің де мағыналарын қазақ сөздері ретінде түсіндіре кетіпті. Бұл сөздерді біз қалай әдеби тіліміздің өз сөздері болмаса да төл сөздері деп қабылдай аламыз. Тым болмағанда бұл сөздердің «аван» дегенінің орнына «ауан» сөзі тұрса, бізге аталған терминдердің бәрі алдыға ауа ұмтылған нәрселерді бізге меңзеп тұрғаны өз тілімізде аталып отырғандығы болып шығады емес пе? Сөздердің «дельта, зал» т.с.с бөліктеріне өз кезектері келгенде тоқталып, оларды да талдауға мүмкіндік болар. Ондай мүмкіндігі ұмыт қалып қоюы ықтимал «аванс» сөзін алайықшы. Сөз қазақ тілінде «ауаніс» деп аталса, оның іс алдында, істің болашақта орындалатынының кепілі ретінде алдын ала төленетін төлемнің бір бөлігі екендігі өз-өзінен түсінікті емес пе?

Орыс тілінде Шекспирдің аты Вильям деп жазылса, ағылшындар оның атын Уильям деп жазады. Жалпы қазақ тілі «в» дыбысын қолданбайды, алайда, әртүрлі қашып құтыла алмайтын жағдайлардың қалыптасуына байланысты ғана ол дыбысты, сонымен бірге «в»  әрпін бізге пайдалануға тура келеді. Орыс тілінде «у» әрпі де, «в» әрпі де бар, бірақ олар өз ережелерін қолданады, ал біз болсақ, шетел сөздерін шетел ережелеріне бағына жазуға дайын тұрамыз. Шетел тілінің заңына бағынатындығымыз сондай, өз тілімізде жоқ «в» дыбысында айна қатесіз шетелдікіндей қылып келтіріп, айна қатесіз шетелдікіндей қылып жазамыз. Мұндай үдеріс біздің тілге жақсылық әпермейді.

Келтірілген тізімнен және бір «авантаж» деген сөзге тоқталайын. ШСС бұл сөзді француздың «avantage» деген сөзінен шыққан дейді, «пайда, олжа, тиімділік, қолайлы жағдай» осылай аталған, қазір сөз қолданылмайды деп түсіндіреді.

Бұл сөзді мен қазақ тіліне «ауғантақ» немесе «ауғантәж» деп аударушы едім, себебі «авантаж» сөзінің мағынасы дәл осыларды көрсетіп тұр. Бүгінгі күні біздің кешегі биік тәжіміз де, жоғарғы тағымыз да, басқа қонған бағымыз да басқаға ауып, басқаның сөзін сөйлеп, басқаның жыртысын жыртып жүр. Өз тәжімізді өзіміз тағу, өз тағымызда өз билігімізді жүргізу, өз бағымызды қайта жандыру мақсатында бізге тым болмағанда, «ауғантақ» сөзін қазақ тілінің заң термині ретінде қолдануды үйрену керек. Мысалы, «уступка требования» деген орыс тіліндегі заң ұғымын қазақ тіліне аударғанда қолдануға болады бұл сөзді.

«Аван» дегеніміздің орнын ауыстырып, алға шығу ұғымын білдіретіндігі немесе негізгі бөлігін бұрынғы орнында қалдырып, болымсыз бөлігі алға ауысу дегенді білдіретіндігі осы айтылғандардан түсінікті, ал орын ауысыру дегеніміз ол нәрсенің өз орнынан аууы, сондықтан, «аван» ұғымын өзіміздің «ауан» ұғымымызға аудару орынды болады деп білемін.

Б. Умирьяевтың «Түріктің зерттелмеген мың сөздерінде» «авангард» сөзі түрік және Апеннин түбегінің жергілікті тұрғындарының билингвасынан құралған делінеді. Оның айтуынша бұл сөз ең басында аспандағы ата-бабаға тағзым ету, орыс тілімен айтқанда «прадедам небесным поклоняться» дегенді білдірген. Ол «Белгісіз түріктер, жоғалып кеткен өркениеттер» атты кітабында бұл сөздер латын тілінде «abavus an gaudere» деп жазылатынын да келтірген. Б. Умирьяев француздың «avant» сөзінің «алға» деген ұғым беретіндігін қостағанымен, «garde» сөзінің «ақсақалдар, ардагерлер» деген ұғым беретіндігін алға тартады. Оның айтуынша, дәл осы ардагерлер жас жауынгерлерді тәрбиелейтін болған, кейінрек әскери шерулерді бастайтын да солар болып бекітілген, түріктердің «гард, қарт, кәрі» деген сөздері де осыны көрсетеді деп жазған. Мұны түріктің «гардаш» сөзінің «жолдас, ағайын» деген мағыналар беретіндігімен де айғақтаған. Осының бәрі түріктердің антика заманында Батыс Еуропада өмір сүргенінің белгісі дейді ол.

Авангард сөзіне байланысты осы келтірілгендермен өзім айтқан «аббірататұрқалау» туралы тұжырымдарымның дәлелденгенін көремін.

Авар – ҚӘТС бұл сөз туралы V ғасырда Дунай бойына қоныстанып, VІІІ ғасырға дейін жеке, дербес мемлекет ретінде өмір сүрген түркі нәсілді тайпа солай аталған деп түсіндіреді. Аварлар Орталық Азиядан Еуропаға ауысып барып, Батыс түрік қағандығын құрған тайпалардың негізігісі деп жазады. Сонымен қоса, ҚӘТС авар сөзі жөнінде Дағыстан Республикасында тұратын халық және сол халықтың өкілі осылай аталатындығын көрсетіп, түсініктемені толықтырады.

Бұл түсініктен де «авар» атауы орысшаланған, шетелденген атау екені анадайдан көрініп тұр. Себебі, бұл халық бүгінгі тұрақтаған жерлеріне алдыңғы қонысынан ауып барған халық, сондықтан, халық атауын мен қазақ тілінде «ауар» деп танушы едім.

 Жалпы, ауған, қалмақ сияқты халықтардың атаулары да осындай көшіп-қону барысында пайда болған атаулар. Тіпті, Орал тауының атауы да халықтардың осындай көшуқону үдерістеріне географиялық шектеу қоя білу даналығының белгісі ғана. Азия құрлығынан батысқа ағылған кезде Оралдан асып кететін болсаңыз, онда Отанға оралмайсыз, еуропалық адам болып кетесіз, Еуропа құрлығынан шығысқа бет алсаңыз, Оралдан аспаңыз, әйтпесе, азиат болып кетесіз, сондықтан оралыңыз, қайтыңыз деп тұрған таулар осы Орал таулары. Еуразияның екі жағындағы халықтарға да атауы бірдей болып отырған осы таулардың екі жағын қандай халықтар қоныстап-жайлағаны осы келтірілген мысалдан-ақ түсінікті болар деп ойлаймын.

М. Фасмер өзінің сөздігінде «авар» сөзін «аварец» деп келтіріп, Дағыстандағы кауказ халықтарының бірі осылай аталатындығын көрсетіп, Дирр дегеннің пікіріне сүйеніп бұл сөз түрік тілінен алынғандығын, мәнін «қаңғыбас, сотқар, сандалбай» деп түсіндіреді.

Бұдан бізге Фасмер мен Дирр сияқтылардың түріктерді қаншалықты «жақсы» көргендерінің куәсі боламыз.

Б. Умирьяев болса өзінің «Түріктің зерттелмеген мың сөздерінде» аварлар деп Орталық Азиядағы көшпелі түріктохар халқы аталғандығын көрсетіп, олардың VІ ғасырдың ортасында екіге бөлініп, батысқа қарай ауғандығын жазады. Алайда, ол «авар» атауының шығу тегін «ауу» сөзімен шектестірмей, сөздің этимологиясын «aba ar» сөзімен байланыстырып, мағынасын «лайықты ата-бабалар» деп түсіндіреді. Ол осы халықтың Алтын Орда өкілдері ретінде Кауказдаң алым жинаумен айналысқанын жазып, үй малын жинау алымы – «мал» деп аталғандығын, астық және қару алымы – «тағар» деп аталғандығын көрсетеді. Ауарлардың екінші бөлігі оның айтуынша Батыс Қара теңіз жағалауында шоғырланғандығын, оларды гректер «саварт-асфалдар» (сенімді, тиянақты сабырлар, суарлар) деп атағандарын айтады. Б. Умирьяев өз кітабында артынан осы ауарларды печенегтер Хорватияға ығыстырғанын келтіреді.

Авария – ҚӘТС бұл сөзді итальян тіліндегі «avaria» деген сөзден алынған, мағынасы «жүру, қозғалыс кезінде автоқөліктің немесе зақымданып, істен шығуына байланысты өнеркәсіп механизмінің апатқа ұшырауы» деп түсіндіреді.

А.Н. Булыконың «Шетел сөздерінің үлкен сөздігі» сөздің итальяндық екендігін мойындағанымен, ол тілге бұл сөз араб тіліндегі «avar» сөзінен келгендігін айтып, сөзді орыс тіліне «повреждение, вред» деп аударуға болатыныдығын көрсетіп, термин ретінде үш мағынада қолданылатындығын бекітеді. Біріншісі, жүріп келе жатқан немесе жұмыс үстіндегі көлік құралының, механизмнің, машинаның қатты бұзылуы, істен шығуы. Екіншісі, осындай бұзылудаң немесе жол жүру ережесін сақтамаудаң, т.с.с нәрселердің нәтижесінен туындайтын күйреу. Үшіншісі, ауыспалы түрде істің сәтсіз аяқталуы да осылай аталуы мүмкін.

Мен бұл сөздің астарында да «ауу» сөзі жатыр деп білемін, сондықтан сөзді қазақ тілінде «ауария» деп қолдану керек деп санаймын.

Қазақта «абдырия» деген сөз бар екендігі туралы айтылды, міне енді «ия-ға» аяқталатын қазақтың екінші сөзін де келтіріп отырмын.

Аватара – А.Н. Булыконың «Шетел сөздерінің үлкен сөздігі» бұл сөзді санскриттік «avatara» сөзінен алынған, мағынасы «үндіс құдайы Вишнудың адамға немесе жануарға айналып көрініс беруі» деп түсіндіреді. Орыс тіліндегі баламасын «нисхождение» сөзімен береді. Буддизм дінінде тәңіриенің жанының басқаның денесіне енуі, яғни, құдай деп есептелетін жанның басқа бір тірінің жанынан екінші бір тірінің жанына түсіп отыруы «аватара» деп аталатыны туралы «Атеистік сөздік» жазады. Сондықтан, бұл сөздің де түбінде «ауу, ауысу» сөздері жатқанын көру қиын емес. Сондықтан «аватара» ұғымы да біздің тілге жат емес, «ауатара» болып жазылып, «ауатара» болып айтыла беруі тиіс.

 Авгит – А. Н. Булыконың «Шетел сөздерінің үлкен сөздігі» бұл сөзді гректің «auge» сөзінен алынған, орыс тілінде «блеск» деген мағына береді деп көрсетіп, әйнекше жылтырап көрінетін жасыл, қара немесе қоңыр түсті силикаттар класына жататын минерал осылай аталады деп түсіндіріп, негізгі тау жыныстарынан шығатын андезиттің, базальттың, диабаздың құрамдарында болады деп толықтырады.

Бұл сөздің де астарында «ауу» сөзі жатыр деп санауға болады, себебі, заттың бірнеше мәрте жылтырап, әр түсті болып құбылуы, ауытқуы оның ауыспалы тау жыныстарына қатысты тұрақсыз сырын дәл көрсетіп, атап тұр. Сондықтан, «авгит» ұғымын қазақ тілінде «ауық» сөзімен белгілеуге болады.

Авгур – А. Н. Булыконың «Шетел сөздерінің үлкен сөздігі» бұл сөзді латынның «augu»r сөзінен шыққан, ол сөздің өзі «avis және gurgulio» деген бөліктерден құралады, «avis» дегеніміз «құс», «gurgulio» дегеніміз «жұтқыншақ» деп түсіндіріп, мағынасын «құдайлардың ырқын құстың дауысынан және ұшу мәнерінен жорып, болашақты болжайтын ерте замандағы Рим абызы» деп жазады. Және де ауыспалы түрде «құпия нәрселерге кірмелімін» деп өзін көрсетуге әуес адамдар осылай аталатындығын жазады.

 Бұл сөзді де қазақ тілінде «ауғыр» деп айтуға әбден болады. Тіпті, құсты тым ерте заманда біздің атабабаларымыз «ауыс» деп атауының мүмкін екендігі де ғажап емес, себебі құстардың ұшып, бір жерден, екінші жерге тез ауысып отыруы адамдарды ерекше қызықтырған да болуы керек.

Сонымен бірге, грек мифологиясында Авга, Авгий деген тұлғалар аталады.

«Авга» деп (немесе ресми түрде Ауга депте аталады) Афина қаласының әйел затты абызы аталады. Ол Аркад патшасы Алейдің қызы. Миф бойынша Алейге дүниеге келетін немересі жамандық көрсететіні жорылады. Ауга Гераклдан жүкті болып, Телефты табады. Әкесінің ашуынан қорыққан Ауга Телефты Афина қаласының храмына жасырады. Бұған наразы болған құдай елге оба ауруын таратып жібереді. Мұндай індеттен құтылу мақсатында Алей Телефті жол бойына лақтыртқызып тастайды. Алайда, Телефті Артемиданың кербұғысы асырап, жеткізеді. Ауга болса Мисия еліне қашып, онда осы елдің патшасы Тевфрантқа күйеуге тиеді. Есейе келе Телеф өзінің шешесі кім екенін біліп, Ауганы тауып алған кезде, Тевфрант оны ұлы ретінде қабылдайды. Бұл мифтен көптеген аңыздардың сарынын табуға болады, алайда, мен үшін әйел абыздың «Ауга» деп аталуы қызықты, себебі ол расында бір елдің атақтысы бола тұра, екінші елге ауған болып шығып тұр.

Грек мифологиясында Гераклдың жетінші ерлігі туралы аңызда айтылатын Авгий патшасы туралы жазылады. Грекше «Авгий» дегеніміз «жарқылдаған» деген мағына береді делінеді. Яғни, «авгит» сөзі туралы әңгімеленгенде кездескен «auge» сөзін бұл жерде қайтадан еске түсіреміз. Авгий Пелопоннес аралын мекендейтін эпейлердің элид тайпасының патшасы Гелиостың (басқа нұсқада Посейдонның) және Гирминаның ұлы. Миф бойынша Авгийдың малының (жылқысының) көптігі сондай, қоралары отыз жыл бойы тазартылмай қалады. Геракл атқораларды бір күнде тазартып бермекші болады, ол үшін Авгий оған байлықтарының оннан бір бөлігін бермекші болады. Геракл қораларға жақын жерден ағып жатқан Алфей өзенінің арнасын бұрып жібергендіктен, су қораларды әпсәтте тазалап шығады. Алайда, Авгий уәдесіне тұрмағандықтан Геракл оған қарсы соғыс ашып, аяғында Авгийді өлтіріп тынады. Бұл мифтен де біз көп малдың иесі Авгийдің кім екендігін және ол адам ретінде қай жақтан ауып келгенін, патша ретінде күннен ауып жерге түсетін жарық сәулесі бола тұрса да өлімге қиылатындығын көре аламыз.

Август – ҚӘТС бұл сөзді латынның «augustus» сөзінен шыққандығын көрсетіп, қазақ тіліндегі «тамыз» айының атауы орыс тілінде осылай айтылатындығын баяндаумен шектеледі.

Шетел сөздіктері осы айтылғанға «Август» дегеніміз ерте заманғы Рим империясының императорының есімі екендігін ғана қосады.

Латын сөздігінен «augustus» сөзін қазақ тіліне «қасиетті, ұлы» деп аударуға болатындығын көре аламыз.

Орыс тіліндегі әдебиеттен патшалар өздерін «августейший» деп атағанды жақсы көргенін оқимыз.

Бұл ретте, «август» сөзін қазақ тілінде «ауғыс» деп пайдалануға болады. Мен «Ауғыс» пен «Шыңғыс» сөздерінің мәнін біргестіре отырып, іздестіру керек деп санаймын. Ауғыс өзінің білгірлігі, алғырлығы, көрегендігі мен жан-жақтылығы бәрінен биік болғандықтан «алғашқы ғыс» ретінде «әуелгі, яғни, бірінші ғыс» деген атаққа ие болса, Шыңғыс осы аталған қасиеттердің бәрінен асып түскен, бір жағынан шың ретінде әмбе биік, әмбе терең, шын ретінде – нағыз ғыс болып шығуы ғажап емес. Император Августтың есімі Октавиан болған, август оның дәрежесінің атауы. Шыңғыс Шыңғысханның өз аты емес, оның есімі Темірші болғаны белгілі. Шыңғыс атауы оған берілген дәреже екендігі бәріне мәлім. Сонымен қатар Ауғыс шығыстан батысқа ауған ғыс болса, Шыңғыс атауы нағыз, батысқа да, шығысқа да тең ғыс ретінде таңдалып алынуы да мүмкін. Немесе Ауғыс құдайдан адамға ауған ғысы (божественный Август) болса, Шыңғыс құдайдан адамға шын қонған ғысы болып түсінілуі де ғажап емес.

Жалғасы бар.