Шығыс Қазақстан облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының судьясы К.Сейтов, «Анықтама сөздік», «Заң» журналы», №5, 2018ж

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Зерттеу (Жалғасы.Басы журналдың №9,10,11,12,1,2,3,4-сандарында)

Бұл бастаманы мен «Заң» журналы тапсырғандай құқық мәселелеріне ғана арнаймын ба деп ойлағанмын, алайда, қазақ тілінде сөздіктер жетерлік, соның ішінде, құқық саласына арналғандары да аз емес болғанымен, көбінің сапасы сын көтермейді. Сондықтан, неде болса, қазақ тіліндегі сөздік-анықтама ретінде зерттеу еңбек жазып көрейін деген оймен осы жұмысқа кірістім.

Сонымен бірге, мақала жазу барысында әр саланың түбінде құқық мәселесі бірге жататындығы, қазақтың теруге түскен әр сөзінің астары да құқық пен заң алаңына алып келетіндігі анық байқалды. Сонымен құқық саласына тікелей байланысы бар ұғымдардан сөздік жасауға ұмтылысымның нәтижесін оқырмандар назарына ұсынуды жөн санадым. Және осы мақалаға байланысты оқырманның ұсыныс-пікірлерін асыға тосамын.

Аннотация: Мақала құқық саласына тікелей байланысы бар ұғымдардан анықтама сөздік жасау мақсатын көздейді. Күнделікті өмірде кеңінен қолданылып жүрген қазақ сөздерінің мән-мағынасы жан-жақты зерттеледі. Түйін сөздер: Абыз, абыл, абылаңқы, құзырет, білік.

Абыз – ҚӘТС бұл сөзге бірнеше мағына берілетіндігін көрсетеді. Ең бірінші бұл сөзбен тәңірге табынушылық т.б. сияқты байырғы наным-сенімдер бойынша өткізілетін құлшылық ғұрыптарына басшылық жасаушы білгірді атайды. Екінші, құранды жатқа білетін адамды да осылай атаған екен. Үшінші, сәуегей, көріпкел адамды да абыз деп атайды. Төртінші, ауыспалы түрде білгір, дана адам да абыз деп танылады. Бесінші, билік, өкім, ырық, бағыныш сияқты түсініктерді де абыз сөзімен атауға болады екен.

 Профессор С.Бизақов жауапты редакторы болып баспадан шығарған Қазақ тілінің синонимдер сөздігі (бұдан былай ҚТСС) қазақтын «машайық, абзи» деген сөздерін осы «абыз» сөзінің синонимдері ретінде келтіреді.

ҚОС бұл сөзді орыс тіліне «влияние, власть» деп аударады. Алайда, орысша-қазақша сөздіктерінің біреуі де «влияние» және «власть» деген сөздерді қазақ тіліне «абыз» деп аударуға болатындығы туралы бір ауыз сөз айтпайды...

 ОҚС орыс тіліндегі «жрец» деген сөз қазақ тілінде «абыз» болып ұғылатындығын көрсетеді.

Мұның бәрі біздердің қазақтың «абыз» деген сөзіне көп мән бермей жүргеніміздің дәлелі.

Мен бұл сөзге ең алдымен құқық пен заң жүзіндегі мағынасын бере білу керек деп санаймын. «Абыз» сөзінің «билік, өкім, ырық, бағыныш» деген сияқты мағыналарының маңызын көтеріп, бүгінгі күні белгілі бір мекеме немесе қызметкер уәкілдігінің міндеті деп ұғылатын «құзырет» сөзімен байланыстыруды үйрену қажет деп ойлаймын. Орыс тілінде қолданылатын «компетенция» мен «юрисдикция» ұғымдарының бірінің екіншісінен қазақ тіліндегі айырмашылықтарын атап беру қажеттілігі туралы сауал туындағанда қозғалып отырған мәселенің маңыздылығы бірден көзге түседі. Орысшақазақша сөздіктер «юрисдикция» сөзін де, «компетенция» сөзін де қазақ тіліне «құзырет» сөзіне байланыстыра аударады.

Әрине, сәті түсіп, бұл сөздердің де өз кезектеріне жететін болсам, «құзырет» сөзінде, «компетенция» мен «юрисдикция» сөздерінің мәндерінде жетегіне жеткізе отырып, талдап беруге тырысармын, әзірше, «компетенция» мен «юрисдикция» сөздерінің жалпы мәндерін түсіндіріп, олардың қайсысын қазақ тіліндегі «абыз» сөзімен атауға болатынын меңзеп көрейін.

 «Компетенция» деп ең қысқа нұсқасында қандай-да бір мекеменің, мемлекеттік органның немесе лауазым иесінің өкілеттілік аясы аталады.

«Юрисдикция» деп сот ісін жүргізуге немесе басқада заңи мәселелерді шешуге құқықылы болу және де осы құқылықты қолдану аясы аталады. Яғни, «компетенция» дегеніміз өкіліттілік аясы ретінде сол өкілеттікті атқара білу мақсатын көздейді, яғни біліктілікті қарастырады.

«Юрисдикция» дегеніміз аталған өқілеттілікті іске асыру мақсатында белгілі бір билік иесі болуды қарастырады.

Сондықтан да болар, 31 томдық ҚООҚТС-тің заңтану саласына арналған 30-томы «компетенция» ұғымын қазақ тілінде «құзырет, білік» деп берген. «Юрисдикция» ұғымы аталған сөздіктің қазақ тіліндегісінде сол қалпында қалдырылған.

 Демек, заңгерлер «компетенция» сөзін «құзырет» сөзімен байланыстырған, алайда бұл сөзге қоса «білік» сөзін де қолдану керек екендігін анық көрсеткен. Себебі түсінікті деп ойлаймын, реті келгенде «білік» сөзіне байланысты мәселеге қайта оралуға болады.

 Сонымен, «абыз» сөзін, бұл сөздің орыс тіліне «власть, влияние» деп аударылған мағынасымен келісіп, «юрисдикция» ұғымымен байланыстырып қолдануға болады деп ойлаймын. Мысалы, «юрисдикция» терминін қазақ тілінде «абызасыру» деп қолдануға болады. «Асыру» сөзі бұл жерде «іске асыру, жүзеге асыру» сөздерінде қандай рөл атқарса, сондай рөлді «абыз» сөзінде де атқаратын болады.

 «Абыз» сөзінің қазақ тіліндегі заң термині ретінде қолдансықа алынбай қалуына В.Дальдың сөздігінің әсері де тиген болса керек. В.Даль бұл сөзді орыс тіліне «мула, татарский поп» деп аударғанымен, «поганец, нечестивец, негодяй, неслух, околотень, наглец» деп те ұғылатынын көрсетіпті.

М.Фасмер де өз сөздігінде В. Дальды қолдапты, алайда ол бұл сөздің «русский священник» деп ұғылатынын да көрсетіпті.

Енді Рәбиға Сыздықтың «Сөздер сөйлейді» кітабынан «Абыз» сөзі туралы не айтылғанын бір сөзін өзгертпей келтірейін : « ХІХ ғасырдың орта тұсында өмір сүрген Дулат Бабатайұлының бір өлеңінде:

 Абыз демей не дейміз,

 Шалы орнынан тұрған соң, – дейді. Мұндағы «абыз» сөзі, Л. Будаговтың көрсетуі бойынша, Қазан татарлары тілінде «оқымысты, білгір, сауатты адам», тобыл наречиесінде абзи «аға», абыз тотай, одан қысқарған абыстай «апай, дін басы болған адамның әйелі, мұғалім әйел», башқұртша абсай «ана, шеше», абыз етмек, абызламақ «оқыту, ағарту», абызмақ «оқу, сауаттану» (Будагов, «1,4) қазіргі қазақ тілінде абыз – көне сөз, «көп білетін, білгір, білімді адам» және «сәуегей, көріпкел» мағыналарын білдіреді (ҚТТС, І, 1974, 38). Соңғы мағынада жиірек қолданылатынын айтуға болады және қазақтардың абызы «алдап соғатын» сәуегей емес, ақылды, халық құрметіне ие болған әрі жасы еңкейген адам екені байқалады. Мұхтар Әуезов «Еңілік – Кебек» пъесасында дана кейіпкердің образы етіп Абызды алуы да осыны дәлелдейді» – деп жазыпты.

Сонда, В. Даль қалайша ғана «абыз» сөзінің мәнін бұрмалап, теріс мазмұндап, оң нәрсені солға бұрып тұрғанына қарағанда, өзінің де арғы атасы түрік нәсілді Дәл тегінен шығатындығына қымсынған болса керек.

Рәбиға Сыздық аталған кітапта «абыз» сөзін қазақтың «абышқа» (абшыйақ) деген сөзімен де байланыстырады.

Атақты академик былай деп жазады: «Абышқа (абшыйақ) сөзінің бірнеше фонетикалық вариантта құбылып келіп, бірқатар көне, тірі түрік тілдерінде немесе олардың диалектілерінде «қарт адам, қария, әйелдің ері, шал», кейде тіпті «кәрі әйел» ұғымын беретіні мәлім. Бұл сөздің түбірі – абы/абу/ аба немесе абыш «шал». Ал аба – (түрлі фонетикалық вариантта) түркі-монғол тілдерінде «әке, ата, әкенің ағасы» мағынасын беретін сөз. Қырғыз тілінде «қадірмен» мағынасын беретін «абығай» сөзінің аб/аба тұлғасымен тамырластығы даусыз, өйткені жасы үлкен адам, ата, әке – қадірлі, құрметті адамдар.

Демек, бұл күнде сирек қолданылатын, көбінесе бұрынғы өлең-толғаулар мен қазіргі тарихи, көркем шығармаларда кездесетін «абыз» сөзі өзінің түп тамырындағы «ата, әке, қарт адам» деген мағынасын да, одан ауысқан «көпті көрген білгір, сауатты, білімді адам» деген мағынасын да көмескілендіріп, «дана, ақылшы, көреген қария» деген ұғымда жұмсалған, жұмсалатын сөз деп танимыз. Әрине, бұл сөздің қазақ тіліндегі қолданысында өзге тілдердегі және ертедегі мағыналық реңктері сақталғанын (қария адам болуы, көп нәрсені байымдай алатын білімді болуы, сәуегейлік қасиетінің болуы т.б.) көреміз». Бұл жазылғандардан біз қандай сөзге мән бермей, дайын тұрған терминді елемей, керегімізге жарата алмай жүргенімізді түсінгендей боламыз.

«Абыз» сөзінің Рәбиға Сыздық көрсеткендей абыз етмек, абызламақ «оқыту, ағарту», абызмақ «оқу, сауаттану» мағыналары орыс тіліндегі «просветитель, популяризатор» сияқты сөздердің қазақ тіліндегі баламасы бола алатындығын көрсетеді. Мысалы, абыздандыру сөзін просветитель деп ұғуға әбден болады.

Абыл – бұл сөзді сөздіктер ары барса адам есімімен байланыстырады да қояды. Алайда сөздің астары тереңде жатса керек. ҚӘТС сөздігі «абыла» сөзін етістік ретінде келтіріп, аңдарды жанжағынан айнала қоршау амалы осылай аталатынын жазады.

Аба дегеніміз қоршаудың, қашаның атауы екендігі туралы айтқанмын. ҚОС «аба» сөзін орыс тіліне «загон, ловушка» (место, куда загоняют зверя при облавной охоте), сол облавная охотаның өзі деп аударатынын және иттің тапжылмай көп үруі де орыс тілінде осылай аталатынын да жазғанмын.

Енді «абыл» сөзіне келсек, бұл сөз аң шаруашылығының термині ретінде қолдануға әбден болатын сөз екендігін, аң аулау мен балық аулау салаларын біріктіріп атауға алып келетін сөз екендігін айтқым келеді.

Бұған балық және аң аулауға арналған құрал да «абақ» деп аталатындығы себеп бола алады.

В. Даль өз сөздігінде «аблава» деген сөзді келтіріп, оның шығу тегін «облава» сөзімен байланыстырады. «Облава» сөзінің этимологиясын орыс тіліндегі барлық сөздіктер «лов» сөзінен өрбіген деп көрсетеді.

С.Алексеев деген жазушы өзінің «Орыс тілінен 40 сабақ» атты кітабында тіпті «слово» деген ұғымның, ары қарай «славянин, словак» деген атауларының бәрінің шығу тегін осы «лов» сөзіне байланыстырып, аң аулау өнерін, ақиқатты ұстану шеберлігімен салыстырып, әр нәрсенің атауын аң аулағанда оны олжалап қолға қалай дәл түсірсең, сөзді де солай дөп келтіріп ақиқатына сай қылып айта білу керектігін алға тартады. С.Алексеев осы айтылғандарға байланысты Библияда келтірілген « ...Вначале было слово и словом этим был бог...» дегенді ол сөздің Алланың сөзі болғандығын, оны дәл аулай білу орыс тілінің ғана уысында екендігін жазады...

С.Алексеевтің айтуы бойынша «лов» сөзінен «ловкий, ловля, улов, отлов, ловчий, ловец» сияқты көптеген сөздердің тарауымен қатар славян халықтары деген ұғымда осы сөзден пайда болған. Славян әлемінің ұшар басы әлемнің төрт тарапына түгелдей тарап, жалпы славяндық тілімен және мәдениетімен ғана емес, дүниеге деген өзінің ерекше бір көзқарасымен, оны қоршаған басқа халықтардан өзгешелейтін энергетикалық танабымен (өрісімен) айқындалғаны сонша, славян бұтағына басқа халықтар бағбанның көмегінсіз-ақ телініп, сіңе жалғасып, өз түп-тамырларын кептіріп, қуратып алған. Мысалы, славян әлеміне угрлар, финндер, мордвалар, чудтар, мерялар, муромалар, вестар және басқада көптеген бөтен тілді тарихта атыда қалмаған халықтар еніп, славяндардың арасында еріп жоғалды деп жазады ол.

С.Алексеевтің үйретуі бойынша, «слово» сөзі істің дәл мәнәсін айта білу, орыс тілімен айтқанда «ловить» ете білу арқасында пайда болған сөз.

Демек, «слово» сөзі С.Алексеевтің түсінігі бойынша, аң аулау кезінде айғайлап айтылатын «слови» сөзінен пайда болған.

Мен болсам, С.Алексеев атаған халықтардың бәрі тарих сахнасынан жоғалып кетуге өз еріктерімен бой бере қойыпты дегенге мүлдем сенбеймін.

Түбінде олардың қандары орыс қанына сіңді, ал тілдері орыс тілін байытты.

Бүгінгі біз болсақ осындай қан мен тілдің араласу барысында, кезінде атабабаларымыз пайдаланған сөздердің бірсыпырасынан айырылып қалғанымызды, бірсыпырасы орыс тіліне басқаланып, мүлде бөлек мағынамен енгенін түсіне білуіміз керек.

Сондай араластың бірінің дәлелі ретінде бүгінгі орыс тіліндегі сөздердің бәрінің алдында қазақтың «Абылай» сөзі тұрғандығын көрсеткім келеді.

Аңды жан-жағынан қоршай қуалап, абаға қуып тығуы барысында «аба былай» деген айғайдан абылайлап ұрандау салты құралғаны айтпаса да түсінікті шығар.

Салттың көнелігі сондай, бүгінгі қазақ «аба» сөзімен не аталатынын ұмытып та қалған. Аба деп қолдан жасалған қоршау, қаша аталғанымен, ерте заманда адамдардың өздері өз жеке бастарын қосып, құрған тосқауыл да аба аталған болса керек, сондай абаға аңды жанжағынан абалап, абылап қуу салты да «абабыла, абыла» деп аталып кетуі ғажап емес. Міне, осындай абылалай қоршау салтынан, кейінірек ол салтты иттерді қосып жалғастыруды үйренген орыс тілділер «аблава, облава, облаять, обловить» сөздерін шығарып алған. Бұл сөздер «аб» және «ла» бөліктерінен құрастырылған. Біріктіріп айтқанда «абыла» сөзі пайда болады. Мағынасы «абы» деп айт, «абы» деп айғайла, «абылайла» деп үйрету. Басқа тілдегі адамдар, сөздің абысын «аң» деп ұқса, лайын «ұстау» деп ұғады. Бұдан «лау» мен «лоу» ұғымдары пайда болады. Одан «слава, слово» сөздері де дүниеге келеді. Мұның дәлелі ретінде ол заманда орыс тілінде «лов» сөзінің болмағандығын айтуға болады. Мысалы, 2011 жылы «Дом славянской книги» баспасынан шыққан «Орыс тілінің этимологиялық сөздігі» молва, слава, слово деген сөздердің пайда болуын ІХ-ХІ ғасырлар деп белгілейді, молва сөзінің пайда болғанын Х-ХІ ғасыр деп белгілеп, шығу тегін түсіндіре алмайды, ал «слово» мен «слава» сөздерін ІХ-ХІ ғасырда пайда болған деп көрсетіп, үндіеуропалық «си» түбірінен өрбіген деп көрсетеді. Алайда, қазіргі орыс тіліндегі «логово, слог» деген сөздердің этимологиясын қуаласаңыз, бәрібір қазақтың «абыла» сөзіне қайта ораласыз. «Логово» сөзі де «абылайла деп айғайла, аңды тығылып жатқан жерінен үркіт, абыға қарай қу» деген ұғымнан пайда болған, «слог» сөзі де сол мағынаны берген.

Тарихта ІХ-ХІ ғасырлар славян­дардың сахнаға шығу заманының басталғанын ескерсек, олар сол замандардаң бастап, басқа елдердің сөздерін өздеріне сіңіре бастағанын да ұмытпау керек.

Сөйтіп, аңның абылаға келіп түсу барысы «абылалау» деп аталып, осы сөздең орыс тіліндегі «облава» ұғымы пайда болып, бұл сөз жаңағы «ловля» ұғымының дүниеге келуіне әкеліп соғады, тек осыдан соң ғана барып «слово» ұғымы да жарыққа шығады.

 Бұл ретте «абыл» ұғымын біз бүгінгі күнгі «охота» термині ретінде, «абылай» сөзін «охотник» ұғымы ретінде қолдана аламыз.

Алайда, бұл айтылғандар әңгіменің бір үзіндісі ғана. Мәселе ең бірінші сөз болған, ол сөз құдайдың сөзі болған деген түйінде жатыр. Сауал ол сөз қандай сөз деп қойылады. Меніңше ол сөз «Абыл» деп аталған. Мағынасы «а деп бастай біл» дегенді білдіреді. Екінші астары «сөз» деп ұғылады.

Сондықтан, «абыл» ұғымын сөз сөзінің синонимі ретінде қабылдауға да болады. Мысалы, француздың «пароль» деген сөзі, қазақ тіліне «сөз» деп аударылады, ал біз болсақ «пароль» ұғымын «алдын ала шартталған құпия» сөз немесе сөйлем деп ұғамыз.

 Сол сияқты, «код» деген ұғым бар, бұл сөз небәрі «кодекс» сөзінің қысқартылып алынған түрі ғана, басқа бөтен тұлғалар мазмұнын ұғып қоймас үшін ақпаратты шартты белгілеулермен, белгі берулерді жіберу, сақтау және жөнге келтіру жүйелері осылай аталады. Бұл сөзден «кодировка, кодификация, кодификатор» деген сияқты ұғымдар пайда болған. Сол сияқты, «код» ұғымына өте жақын тұрған «шифр» ұғымынан «шифровка, шифрограмма, шифрография» деген ұғымдар пайда болған. Аталған терминдердің бәрінің бүгінгі күні қазақ тіліндегі баламалары табылмаған. Мен болсам , «код» сөзін бүгінгі күні қазақша «абыл» деп санап, кодировка ұғымын «абылдау», кодификация ұғымын «абылдандыру», кодификатор ұғымын «абылдандырушы» деп ұққан жөн болар еді деп санаймын.

Жалпы, Абыл дегеніміз Библия бойынша Адам атаның екінші ұлының аты. Абыл мал шаруашылығымен айналысқан көшпенді болған деп саналады. Оны қызғаныштан ағасы Қайын өлтіреді. Осы Қайын жер шаруашылығымен айналысқан отырықшы болған деп есептелінеді. Аңыз бойынша, құрбандық шалу кезінде Құдай Қайынның жемісін емес Абылдың малын қабыл алғандығын көре алмаған Қайын Абылды өлтіреді.

Дүниенің Шығыс пен Батысқа бөлінуі де осы Абыл мен Қайынның тарихынан басталады деуге болады.

ҚӘТС абыл сөзін бөлек көрсетпесе де абыла, абылайша, абылан, абылаңқы деген сөздерді келтіреді.

«Абыла» сөзі туралы айтылды. ҚӘТС-те «Абылайша» деп шаңыраққа уықты шаншып, керегесіз тігілген тұтас бойы мен есігі киізбен жабылған жеңіл қосты атайтындығы жазылады. «Абылайша – киіз үйдің бір түрі. Жорықта не үдере көшкенде уық пен шаңырақтан тіге салып, үзікпен жабады» – деп С. Қасимановтың «Қазақ қолөнері» деген еңбегінен мысал да келтірілген.

«Абылан» сөзінің мәні» ең күшті, зор, мықты» деп түсіндірілген.

«Абылаңқы» деп «ерте туған төл немесе сөзі көп, сөзуар» (адам) аталатындығы келтірілген.

Бұл мысалдардан біз «абыл» сөзінің «ерте», яғни, «алдыңғы, сөзуар, шешен» деген мағыналары болғандығын көреміз.

«Қайын» сөзі, шетел тілінде «Каин» деп жазылып, «жаңа» деп ұғылатынын еске алсақ, «абылды – ескі, қайынды – жаңа» деп түсінуге де болады.

Мұндай түсінік абылды бұрыннан келе жатқан ата-баба дәстүрі, қайынды енді пайда болған жаңалық деп ұғуға бізді итермелейді. Тарихта жаңа жеңіп, ескі өледі, яғни Қайын Абылды қалайда болса өлтіреді деп те түсінуге жол ашылады.

Біз осындай тәсілмен ойлансақ, бүгінгі күннің барысы да жол-жөнекей болсада осы айтылғандарды растап тұрғандай болып көрінеді.

Себебі, бүгінгі дүниеде болып жатқан қақтығыстардың да астарында сол баяғы Абыл мен Қайын арасындағы қарымқатынастың салдарын анық аңғаруға болады. «Абыл» ұғымының «дәстүр, сөз» деген сияқты астарлары абыл құндылықтарының қайын әкелетін жаңалықтарынан да әрқашан бағалы болып шығып отыратындығы, сондықтан Қайын өзінікінің дұрыстығын барынша тапжылмай дәлелдеп, Абылға жол бермей, оның алдынан үнемі кесекөлденеңінен кедергілер келтіріп отыратындығы сол замандардаң бастау алып келе жатқандығы бізге аян бергендей болады. Абыл қағидаттарын ұстанған адам сөзге тоқтайды, дәстүрді сақтайды, Қайын сықылдылар ондайға басын көп қатырмайды.

Осы айтылғандарды дін саласында «абылхаят суы» деген ұғымның болуы да қостағандай болады. ҚӘТС «абылхаят суы» депмифологиялықтаным бойынша адамды өлтірмейтін, мәңгі жасартып тұратын қасиеті бар су аталатындығын келтіреді.

Бұдан біз аңызда Абылды Қайын өлтіргенімен, ол бақилық қазаға ұшырамай, тіріліп, өмірге қайтып оралатынын көре аламыз.

 

Жалғасы бар.