ШҚО бойынша Соттар әкімшісі басшысының орынбасары Ә.Хайрулинова: «Мемлекеттік қызметшінің сыншысы – халық», «Заң» газеті, 15.03.2019ж.

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

ХАЛЫҚҚА ҚЫЗМЕТ ЕТЕТІН АДАМДАРДЫҢ АДАЛДЫҒЫ МЕН ӘДІЛДІГІ, ӨЗ ЖҰМЫСЫНА ДЕГЕН ЖАУАПКЕРШІЛІГІ, ҚОҒАМ МЕН АЗАМАТТАРДЫҢ СЕНІМІН ТУҒЫЗУ – ӘРБІР МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТКЕРДІҢ МІНДЕТІ. ДЕМЕК, АДАМДАР АРАСЫНДА ОСЫ ҚЫЗМЕТШІ ТУРАЛЫ ДҰРЫС ПІКІР, ОҢ КӨЗҚАРАС, ОҒАН ДЕГЕН АЙҚЫН СЕНІМДІЛІК ҚАЛЫПТАСУЫ ҚАЖЕТ. МҰНДАЙ СЕНІМ МЕН ҚҰРМЕТКЕ ЖЕТУ ОҢАЙ ЕМЕС. БҰЛ ҮШІН БІР ҒАНА КӘСІБИ БІЛІМДІЛІК ПЕН БІЛГІРЛІК ЖЕТКІЛІКСІЗ, ОДАН БАСҚА ҚЫЗМЕТШІНІҢ ЖЕКЕ МІНЕЗ-ҚҰЛЫҚ МӘСЕЛЕСІ ЖӘНЕ БАР. ЯҒНИ, КЫЗМЕТШІНІҢ КӘСІБИЛІК ДЕҢГЕЙІ МЕН ЖОҒАРЫ МОРАЛЬДЫҚ АДАМГЕРШІЛІК ҚАСИЕТТЕРІ ҚАТАР ТҰРУ КЕРЕК.

Мемлекеттік қызметші әдеп нормаларын сақтауға дағдыланып, Әдеп кодексін оқып, өзін-өзі үйретуі, өзгеден үйренуі және өзгені үйретуі тиіс. Бұл туралы Елбасы «Қазақстан-2050» Стратегиясында «өте жоғары этика мен кәсібилік тиімді мемлекеттік аппарат құрудың негізгі өлшемі болып табылады» деп атап көрсеткен болатын. Сондықтан, бүгінгі күні мемлекеттік қызметшінің әдебі мен мінез-құлық мәселелеріне үлкен мән беріліп отыр. Кәсібилік пен әдептілік қосылып, мемлекеттік қызметшінің тұтас имиджін көрсетеді. Халыққа қызмет ететін адамдардың адалдығына және әділдігіне қоғам мен азаматтардың сенімін туғызуға мүмкіндік береді.

Заман талабына сай Мемлекеттік қызметшілердің әдеп кодексін енгізу «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыру талаптарынан бастау алады. Сондықтан, қазіргі таңда елімізде мемлекеттік қызмет аппаратының кәсіби біліктілігіне, мемлекеттік қызметшілердің моральдық-этикалық келбетіне айрықша назар аударылуда.

Қабылданған Әдеп кодексі мемлекеттік қызметшілердің қоғам алдындағы жауапкершілігін түсінуге мол мүмкіншілік берді. Мемлекеттік қызмет атқару қоғам мен мемлекет тарапынан ерекше сенім білдіру болып табылады және мемлекеттік қызметшілердің моральдық-әдептілік бейнесіне жоғары талаптар қояды. Қоғам мемлекеттік қызметші өзінің барлық күш-жігерін, білімі мен тәжірибесін тиісті кәсіби қызметіне жұмсайтынына, өзінің Отаны – Қазақстан Республикасына қалтқысыз әрі адал қызмет ететініне сенім артады.

Мемлекеттік қызметші ел алдындағы тұлға болғандықтан, оның әрбір айтқан сөзі мен іс-қимылын халық жіті бақылап отырады, үнемі көңіл таразысынан өткізеді. Ел үшін жан аянбай жұмыс істейтін мемлекеттік қызметші қашан да елге сыйлы, басшылыққа қадірлі.

Сондай-ақ, мемлекеттік қызметші әрқашан Әдеп кодексінің талаптарын естен шығармағаны абзал. Мейлі жұмыс барысында болсын, мейлі жұмыс уақытынан тыс кезде болсын. Себебі, жоғарыда атап өткеніміздей, былайғы жұрт олардан үлгі алады, соларға қарап бой түзейді, сөз түзейді. Жақсысын үйренеді. Тіпті, мемлекеттік қызметшінің, ел алдындағы адамның ішкен-жегені де, киім кию мәдениеті де әдептілік ауылынан ұзамағаны жөн. Қалай болса солай киіну, көпшілік ортада өзін дұрыс ұстамау да мемлекеттік қызметшіге үлкен сын болмақ. Сондықтан, мемлекеттік қызметшілер бұл тұрғыда үлкен жауапкершілік танытып, әрдайым өзіне-өзі есеп беріп отыруы қажет.

Аталмыш талаптар жөнінде қолданыстағы Әдеп кодексінде жан-жақты айтылған. Мәселен, кодексте мемлекеттік қызметшінің жалпы мінез-құлқына қойылатын талаптарда халықтың бірлігі мен елдегі ұлтаралық келісімді нығайтуы, адал, әділ, қарапайым болуы, үнемі біліктілігін арттыруы, шектеулерді қатаң сақтауы, қоғам тарапынан сынға ілікпеуі, шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтерді таратпауы, іскерлік әдепті сақтауы, мемлекеттің мүлкін, автокөлік құралдарын қоса алғанда тек қызметтік мақсатта пайдалануы тиістігі нақты белгіленген.

 Кодекстің «Қызметтен тыс уақыттағы мінез-құлық стандарты» атты үшінші бөлімінде, жоғарыда айтқандай, мемлекеттік қызметшілер жұмыстан тыс уақытта қарапайым болуы, қоғамда белгіленген жалпы моральдық-әдептілік нормаларын сақтауы, заңнама талаптарын бұзбауы қажет деп көрсетілген.

Бұдан басқа қызметтік қарым-қатынастардағы мінез-құлық стандарттарында әріптестердің бір бірімен қарым-қатынас жасауына, басшылардың қарамағындағы қызметшілермен және төмен тұрған лауазымдағы қызметшілердің басшылармен өзара қарым-қатынасына қойылатын талаптар айқындалған. Яғни, олардың өзара қарым-қатынас жасауы іскерлік негізде жүзеге асырылып, ұжымда әріптестер бір-бірінің ар-намысы мен абыройына зиян келтіретін ақпарат таратпаулары тиіс. Ал, басшы қол астындағы қызметшілер үшін барлық адамгершілік қасиеттердің үлгісіне айналуы, оларға қатысты негізсіз айыптауларға, дөрекелік, қадір-қасиеттерін қорлауға жол бермеуі және қызметтен тыс мәселелерін шешу кезінде өзінің қызметтік жағдайын пайдаланбауы тиіс.

Сондықтан, мемлекеттік қызметте үлкен жетістіктерді бағындыруды көздеген әрбір мемлекеттік қызметші Әдеп кодексін және «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы», «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңдарының талаптарын мұқият сақтауы және әр уақытта өзіне тапсырылған істі адал атқарып, өзін барлық жағынан таза да дұрыс көрсетуі қажет.