Б.Секербеков, Шығыс Қазақтан облысы Катонқарағай аудандық сотының төрағасы «100 қадам және біз»/ «Егемен Қазақстан», 2015 жылғы 8 тамыз

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасы

Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған бес инсти­тут­тық реформа – әлем шыңына шығарар стратегиялық жоспар. Әрине, бұған дейінгі Елбасының «Қазақстан-2050» Стратегиясы, оған қоса «Нұрлы Жол» бағдар­ламасы еліміздің экономикасын өрге сүйреп, халқымыздың әл-ауқатын арттыратын нақты іс-шаралар екені белгілі. Ал бұл жолғы Елбасының ұсынған бес институттық реформаны жүзеге асыру бойынша белгіленген 100 нақты қадамының маңызы да, мәні де айрықша екендігін әлемдік деңгейдегі сарапшылар атап көрсетуде. Өйткені, осы «100 нақты қадам» жарияланған аз уақыт ішінде ол халықтың кең қолдауына ие болып үлгерді. Мұны барша қазақстандықтар ұлы халықтық реформа ретінде елімізді, жоғарыда айтқанымдай, тек әлемдік ұлы шындарға шығаратын жол екенін түсініп, ерекше жылы қабылдады. Ендеше, мұны жақсы білетін халқымыз аталған «100 нақты қадамды» орындау да айрықша міндет екенін түсінуі қажет. Себебі, бұл біздің өзімізді, біздің елімізді, біздің халқымызды биікке шығаратын жол. Демек, мұндай барлық бағыт-бағдары көрсетілген, болашағы безбенделген, нәтижесі айқындалған берекелі істің игілігінен ешкім де бас тартуы тиіс емес. Бұл жолда бәріміз жұмыла жұмыс істеуіміз қажет. Ол үшін әр қазақстандық өзі атқаратын қызметін талапқа сай, елдің қамын ойлап, Елбасы тапсырмаларын басшылыққа ала отырып жұмыс істей білсе, нұр үстіне нұр демекпіз. Мәселен, аталған «100 нақты қадамда» сот ісіне байланысты көп нәрсе айтылды. Соларды тұтастай жүзеге асыруға қол ұшын беру, атсалысу біздің тікелей борышымыз. Менің құқық қорғау саласында жұмыс істегеніме көп жылдың жүзі болды. Былтырғы жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы бойынша Шығыс Қазақстан облысы, Катонқарағай аудандық сотының төрағасы болып тағайындалдым. Бұдан бұрын да қалай үздік еңбек етсем, қазір де осы қызметімде адал еңбек етіп келемін. Президент Бес халықтық реформада: «Бүгінде сот жүйесінің әлсіз буыны – судьялар корпусы арасындағы сыбайлас жемқорлық көріністеріне жиі-жиі соқтырып жататын судьяларды іріктеу, судьяларға қойылатын біліктілік талаптарының тиім­сіздігі. Судьялар корпорациямен меңіреу тұмшаланбауы тиіс және қоғамдық сыннан тыс болмауы керек. Ашықтық – судьялар қатарындағы жемқорлықтан ем­дейтін дәрі. Судьяларға қойы­латын біліктілік талаптарын қатайту қажет. Судьялар корпусындағы орыннан үміткер кандидаттың нотариуста, полицияда немесе заңгерлік ЖОО-да емес, сот жүйесінде бес жылдан кем емес жұмыс өтілі болуы тиіс. Кандидаттар негізгі жұмысынан босатылған негізде және бір жылдан кем емес мерзімде соттарда өтетін сот тағылымдамасы үшін шарт ретінде қатаң тестілік іріктеуден өтуі тиіс. Кез келген жоғары тұрған судья төменгі соттарда жұмыс істеп көруі керек. Сол сияқты қызметін жаңа бастаған судьялар үшін ұзақтығы бір жылдан кем емес сынақ мерзімін енгізу де маңызды, онан табысты өткеннен кейін олардың үздіктері судьялыққа сайланады» деп, бірқатар нақты міндеттерді атады. Міне, мұның бәрі бүгінгі таңда ауадай қажет екені даусыз. Сондықтан «100 нақты қадамда» сот корпусы алдына көптеген нақты қадамдар жүктелді. Бұл бағытта біздер аянбай еңбек етіп келеміз. Мәселен, 2014 жылдың статистикалық мәліметіне сүйен­­сек, 24 адамға қатысты 27 қылмыстық іс қаралып, оның ішінде 12 іске үкім шығарылды, 5 іске өндірісті жүргізу тоқтатылды. Сондай-ақ, 199 азаматтық іс қаралып, оның ішінде 26 іске бұйрық шығарылды. Ал 114 іске шешім шығарылса, оның ішінде 110-ы қанағаттандырылып, біреуі ғана қанағаттандырылмады. Ал енді үстіміздегі жылдың 6 айындағы статистикалық мәлі­метке сүйенсек, 15 адамға қатысты 12 қылмыстық іс қаралса, оның ішінде 12 іске үкім шығарылып, 101 азаматтық іс қаралды. Оның ішінде 19 іске бұйрық шыға­рылды. Сол сияқты 58 іске шешім шығарылып, оның ішінде 57-сі қана­ғаттандырылса, тек біреуі ғана қанағаттандырылмады. 15 іске өндірісті тоқтату ұйғарылып, оның ішінде 4 іс татулық келісім бойынша тоқтатылды. Барлығы 12 азаматтық іс медиация арқылы қысқартылды. Сондай-ақ, 129 адам­ға қатысты 127 әкімшілік іс қаралып, 112 іске әкімшілік жазаға қаулы шығарылды. Қорыта айтқанда, алдымызға қойылған міндетті талапқа сай атқарып келеміз. Мәселен, өткен жылы медиация институтын жетілдіру мақсатында жергілікті органдармен мақсатты жұмыстар атқарылып, соның арқасында медиаторлар саны 5-тен 63-ке жетті. Оған қоса құқықтың түрлі бағыттары бойынша сотқа дейінгі аралық мамандықтар енгізілді. Сондай-ақ, сот кабинеті, сот істері жөніндегі анықтамалық секілді сот органдарының онлайн қызметінің мүмкіндігі туралы нақты түсіндіруге бағытталған тренингтік оқыту түрлері қолға алынды. Әрине, атқарылып жатқан іс көп, бірақ оның бәрін халықтың сотқа деген сенімінен анық байқауға болады деп ойлаймын.