А.Маманова Шығыс Қазақстан облыстық сотының судьясы «Заңның үстемдігіне қол жеткізудің бастауы – құқықтық мәдениетте»

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасы

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлт жоспары – 100 қадам, баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет» атты бес институттық реформасындағы заңның үстемдігін қамтамасыз ету институты бойынша нақтылы жасалатын қадамдар белгіленген. Соның ішінде сот төрелігіне қатысты нақтылы 10 қадам(16-дан 26-ға дейін) көрсетілген.

Заң дегеніміз – тәртіп. Адамдардың тәртіпке бағынуы мемлекет атынан шыққан заңдар және басқа да құқықтық актілер жиынтығы арқылы реттеледі. Сол арқылы адамдардың қоғамдағы мінез-құлқы мен іс-әрекеттерін белгілі бір ережеге сидырып ретке келтіру және қоғам мүшелерінің адам өміріне қауіп төндіретін әрекеттеріне тыйым салу ежелгі дәуірден бері мемлекет белгілеген заң-жарғылар арқылы реттеліп отырылған. Адамдардың мінез-құлқын реттеуге бағытталған әдет-ғұрыптық және діни сенім-ұстанымдары мен ырым-тиымдарының жиынтығы ерте дәуірден бастап, құқықтық нормалар ретінде жинақталып, ұрпақтан-ұрпаққа беріліп келе жатқаны – барлық ұлттар мен ұлыстарға тән бұлжымас қағида.

Қазақ елінің тарихына көз жүгіртсек, халқымыз мұндай тәрбиеден кенде болмағаны белгілі. Ондай әдет-ғұрып ережелерін ұрпақтан-ұрпаққа ауызша беріп келген. Мұнымен қоса Ұлы даладағы қазақ халқының билер институты мемлекеттік басқарумен қатар елдің тәртіпке бағынуында үлкен рөл атқарған. Орыс отаршыларының алдында тұрған үлкен кедергі де осы болған. Сол себепті әкімшілік басқару мен қатар билер институтының пәрменін әлсірету үшін патша үкіметі ХІХ ғасырдың 60 жылдарынан бастап жүргізген әкімшілік-аумақтық реформалар мен басқару жүйесіне ірі өзгерістер енгізген. 1868 жылдың 21 қазанындағы «Орал, Торғай, Ақмола және Семей облыстарындағы басқару туралы Уақытша Ережелермен» заңдастырылған Далалық халық судьяларының билер съезін өткізгені осының дәлелі. Осыларға қарап қазақ құқығын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуші сот билігін ел бірлігіне арнаған, дәстүрлі құқықты  берік ұстанған бірден бір тұлға билер болған деуге толық негіз бар. Ал осы үрдісті қазіргі заманғы мемлекеттік биліктің деңгейіне көтеру ел тәуелсіздігі жылдарында ұдайы мемлекет басшысының назарында болып келеді.  Елбасымыздың 2009 жылғы 28 тамыздағы №858 Жарлығымен Қазақстан Республикасының 2010-2020 жылдарға дейінгі кезеңге арналған құқықтық саясат тұжырымдамасы  бекітілді. Сот төрелігін жүзеге асырудың ашықтылығы мен қолжетімділігі, судьялар әдебі еш уақытта күн тәртібінен түскен емес.  Биылғы жылы мамыр айында Семей қаласында «Қарамола съезінің» өткеніне 130 жыл толуына байланысты Қазақстан Республикасы судьялар Одағы ғылыми-конференция ұйымдастырды. Бір сөзбен айтқанда бұл шараны ұлттық құқықтануымыздағы заңның пәрменділігін арттыруға жасалған оң қадамдар деуге болады.  

Заң әр азаматтың жүрегінен орын алып, заңға  деген құрметпен қарау, өзіңнің іс-әрекеттерің арқылы өзгенің құқығының бұзылуына жол бермеу дағдысын қалыптастыру, заңның үстемдігіне қол жеткізудің  бастауы - құқықтық мәдениет  десектағы болады.

Ал құқықтық мәдениет дегеніміз – кейбіріміз ойлап жүргендей заңның үстемдігін қолында билігі бар адамның пайдалануы емес, заңның орындалуы баршаға ортақ және тең міндет жүктейтінін ұмытпау.