Сот төрағасы халықпен кездесу өткізді

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Зайсан аудандық сотының төрағасы Б.Н.Мергембаев Айнабұлақ ауылдық округіне қарасты Жаңатұрмыс ауылында халықпен кездесу өткізіп, онда  «Медиация туралы» заңды және Жоғары Соттың пилоттық жобасын халықтың арасында таныстыру, насихаттау мақсатында «Медиация-дауды шешудің тиімді жолы» тақырыбында баяндама жасады.

Өз баяндамасында аудандық соттың төрағасы Б.Н.Мергембаев Жоғары Сотпен Елбасының судьялардың VII съезінде судьялардың алдына қойылған нақты тапсырмаларды іске асыру  және дауларды(жанжалдарды) медиация тәртібімен шешу тетіктерін одан әрі кеңейту мақсатында пилоттық жоба іске қосылғанын жеткізді. Сондай-ақ сотың төрағасы күнделікті өмірде азаматтардың арасындағы дауларды шешуде «Медиация туралы» заңының алатын орнына тоқталды.

Негізінде медиация деген қазақ жұртына жат нерсе емес. Атам қазақ ерте заманда жер дауы, жетім дауы, жесір дауы сияқты күрделі дауларды  халықтың беделіне ие болған билерге жүгіну арқылы бітімгершілікпен шешіп отырған, бітімгершілік екі тарапты да қанағаттандырған. Қазақ жұрты қашанда тауып айтқан сөзге тоқтап, үлкеннің айтқан бітімгершілік сөзіне құлақ асып, дауларды бітімгершілікпен шешіп отырған.

Қазіргі заманда соттасу көп уақытты, қомақты қаражатты, адамдардың жүйкесінің төзімділігін қажет ететіндігі белгілі. Осындай келеңсіз жағдайларға түспеу жолы-дауды медиация жолымен сотқа жеткізбей шешу. Күннен күнге медиация заңының қолдану аясы артуда. Мысалы, 2017 жылдың тоғыз айында Зайсан аудандық сотымен медиация тәртібімен барлық қаралған 1354 істің 142 ісі немесе 10,4 пайызы медиация тәртібімен қаралған.   

Осыдан шығатын қортынды алдағы уақытта да медиация заңының қолдану аясын одан әрі кеңейту жұмыстарын пәрменді жүргізу керек, ол ортақ міндет. Оған барлық құқық қорғау органдары, атқарушы билік өкілдері, қоғамдық ұйымдар, белсенділер ат салысуы тиісті. Себебі, дауды ушықтырмай, сотқа жеткізбей медиация тәртібімсен шешу қарапайым халық үшін өте тиімді, әмбе қоғамда әлеуметтік шиленістерді болдырмаудың кепілі болмақ. Бұған барлық дамыған мемлекеттердің тәжірбиесі айғақ. Дамыған мемлекеттерде қоғамда туындайтын даулардың 90 пайызға жуығы сотқа жетпей медиация тәртібімен шешіледі. Сондықтан барша жұртты, қоғамдық ұйымдарды, құқық қорғау органдарын, атқарушы билік өкілдерін Қазақстан Республикасы «Медиация туралы» заңының қолану аясын одан әрі кеңейту жұмыстарын жүргізуге ат салысады деп сенеміз.

Іс-шара соңында қатысушылар Жоғары Соттың пилоттық жобасы және «Медиация туралы» заң бойынша өзара пікір алмасып, қойылған сұрақтарына жауаптар алды.

 

Зайсан аудандық сотының  

баспасөз қызметі