Шығыс Қазақстан облыстық сотында Наурыз мерекесіне арналған іс-шара өткізілді

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Бүгін Шығыс Қазақстан облыстық сотында Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесіне арналған  салтанатты іс-шара өткізілді. Мерекелік шараға облыстық соттың судьялары мен мамандары қатысты.

Мерекелік шарада облыстық сот төрағасы Досжан Сарманқұлұлы сот корпусын Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесімен құттықтап, Қазақстан халқы ағымдағы жылы Наурыз мерекесін Парламент Мәжілісі мен жергілікті мәслихат депутаттарының сайлауымен тұспа – тұс келіп жатқан жауапты кезеңде қарсы алып отырғанына кеңінен тоқталып өтті. Облыстағы соттар мереке қарсаңында өткізіліп жатқан сайлаудың заң аясында, азаматтардың конституциялық құқықтарына сай өтуін қамтамасыз ететіндігін атап көрсетті. 

«Жер-жаһанды сері самалға өткізіп, жұрттың аузын аққа жеткізіп, нұр тамшыларын аямай төккізіп, қиындықтың бәрін келер жылға өткізіп, Самарқанның көк тасын ерітіп, алтын күрекпен жер жүзін жібітіп, тас жүректерді мейіріммен үгітіп, жеті қат жер астына дейін балқытып, жыл құстарының әнін шалқытып, Жетісуға жасылдан көйлек кигізіп, Сарыарқаны самал желге сүйгізіп, Алатаудың төбесінен көкке тигізіп, Қаратауға құт-берекені үйгізіп, ақ бұлақтарды ақтартып, шың-құздарды шаттандырып, Күн мен түннің теңелер сәтімен дөп келетін шығыс халықта­рының жаңа жылы – Наурыз мейрамы халқымыз үшін  жаңару мен жасампаздықтың бастауы, ырыс пен ынтымақтың арқауы деп бағалаған. Тамырын тереңнен тартқан осынау мейрам – береке мен бірліктің, тазалық пен татулықтың тұғырын нығайтып, риясыз шаттық пен қуанышқа кенелте берсін .

Бұл күн – тіршіліктің дәстүрлі құндылықтары аясында бәріміздің бірігіп, игілікті жаңа бастауларға ниет білдіруіміздің нышаны. Әр жыл сайын әлеуеті мен қуаты артып келе жатқан еліміздің ажары мен айбыны осындай игі дәстүрлерімізбен асқақтай берсін. Осынау мені мен мағынасы терең ұлық мерекелердің бірі Наурыз мейрамында отбасыларыңызға бақ-береке, даулет пен молшылық, дендеріңізге саулық, ел игілігі жолындағы қайраткерлік қызметтеріңізге табыстар тілеймін»!-деді өз сөзінде Досжан Сарманқұлұлы.

Осынау Ұлыстың үлы күні – Наурыз мерекесіне арналған мерекеде қазақтың ұлттық тағамдарына толы кең дастарған жайылды.

Мерекелік жиын  облыстық соттың ұжымымен ұйымдастырылған салтанатты концертке ұласты.  Ұжымдағы мамандар ұлттық нақыштағы мың бұралған билер мен әндерді, қазақтың күйлерін орындап, өз өнерлерімен тәнті етті.

 

Шығыс Қазақстан

облыстық соттың

баспасөз қызметі