Сатушы мен тұтынушы арасындағы дау бейбіт жолмен реттелді

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Семей қалалық сотымен А.Смағұлованың   сапасыз  ұялы  телефонды алмастырып, 100 891 теңге көлеміндегі тұрақсыздық айыбын өндіру туралы «МИР БТ» ЖШС-не қатысты арызы  бойынша азаматтық іс қаралды.

Талапкер жауапкерден 205 900 теңгелік «Iphone 6» маркалы ұялы телефонды несие арқылы өтеу шартымен сатып алады. Телефонға 12 ай кепіл мерзімі бекітіледі.Эксплуатация кезінде телефонда ақау анықталып,  дыбысын қатты шығару динамикасы реттелмей, артынша мүлде қосылмай, пайдалануға жарамай қалған. Олқылықтың орнын толтыруда жөндету өтінішімен ол неше мәрте дүкенге барған. 2016 жылы 1 қаңтарда дүкенге телефонды барлық қажетті құжаттармен қоса кепілдендірілген жөндеуге тапсырған.

Техникалық қорытындыға сәйкес басты батырма платасына зақым келіп, телефонның майысқандығы анықталған. Сондықтан оған кепілдендірілген жөндеу жұмысы жүргізілмейтіндігін айтқан. Содан кейін жауапкердің атына арыз хатын жолдап, тиісті сападағы тура сондай тауарға алмастыруын талап еткен.  Жауапкер болса телефонның маманмен емес, дүкен сатушысымен қабылданғандығын, сатушының техникалық білімі болмағандықтан тексеру кезінде телефон корпусының майысып қалғандығын көзбе-көз көру мүмкін еместігін алға тартқан.

Жауапкердің бұл жауаптарымен келіспеген талапкер шағым мен техникалық қорытындыдағы олқылықтар телефонды әдепсіз пайдалануына алып келді деу мүмкін емес деп отыр. Телефонда механикалық бүлдірілу болмағандықтан, бұны өндірушімен жол берілген заводтық ақау деп санайды.

Сот талқылауы барысында тараптар дауды медиация бойынша реттеді. Оның шарты бойынша жауапкер істен шыққан «Iphone 6» мобильдік телефонының тура сондай маркасына  бейбіт келісімге қол қойылған сәттен бастап бір тәулік ішінде алмастыруға, ал талапкер өз арызынан бас тартты.

Сот ұйғарымы заңды күшіне енген жоқ.

 

Семей қалалық сотының

баспасөз қызметі